Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтардың отбасына оралуы мүмкін. Адвокат Мейірман Шекеев олардың әскери міндеттемелерден босатылғанын мәлімдеді, деп хабардайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Адвокаттың айтуынша, енді ер азаматтардың Қазақстанға оралуына заң жүзінде кедергі жоқ.
– Біздің ең басты тілегіміз – балаларымыз аман-есен үйге оралып, туған-туыстарымен қауышса екен, – деп жазды Мейірман Шекеев.
Жақында адвокат Ulysmedia.kz сайтына қазақстандықтарды ұрыс аймағынан алып шығып, Ресейдің Воронеж қаласына жеткізгенін айтқан еді.
Контекст
Еске салайық, қазан айының басында ер азаматтардың аналары мен туыстары Астанаға келіп, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады.
Жақындарының айтуынша, жігіттер Ресейге күзет агенттіктеріне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда оларға әдеттегі еңбек шарттарының орнына басқа құжаттарға қол қойдырған болуы мүмкін. Соның салдарынан қазақстандықтар келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге айналып, соғысқа жіберілген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатқанын және азаматтарды елге қайтару мәселесімен айналысып жатқанын растады.