Ақмола облысында дәрігердің жұмыстан шығарылуы дау тудырды: оған тозығы жеткен үй берген

Ақмола облысының Зеренді ауданында жергілікті ауруханада бір жылға жуық жұмыс істеген жас дәрігер Илья Болкоев жұмыстан шығарылды. Бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырды. Бірі дәрігерді мақтаса, енді бірі өңірде маман тапшылығы сезіліп отырған кезде аурухананың неге дәрігерді жұмыстан шығарып жібергенін түсінбей дал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Бұл оқиға туралы жергілікті «НайзаКөкше» паблигі жазды. Ильяны Айдабол ауылына жұмысқа жіберген. Дәрігерге төбесінен су өтетін, қабырғалары бүлінген ескі қос пәтерлі үйден баспана ұсынған.

Ауыл әкімі Николай Водовозовтың айтуынша, үй 3,5 млн теңгеге сатып алынған және оны жөндеу жоспарланған.

Аурухана басшылығымен болған жанжалдан кейін Болкоевке тәртіптік жаза қолданылып, артынша ол жұмысынан айырылған. Дәрігер өз құқығын сот арқылы қорғауға ниетті.

Жазбаға пікір қалдырған тұрғындар дәрігерді қолдаған.

– Бұл – өз ісін жақсы білетін, білікті әрі жауапты тамаша дәрігер! Балам қатты ауырып қалғанда, бізді осы жас маманға жіберді. Ол баланы мұқият тексеріп, қажетті кеңес беріп, дәрі-дәрмек тағайындады. Жас болса да, дәрігер білімімен және науқасқа деген ықыласты қарым-қатынасымен ерекше әсер қалдырды, – деп жазды жергілікті тұрғындардың бірі.

Денсаулық сақтау басқармасы не дейді?

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы Илья Болкоевтің 2026 жылғы 7 қазанда жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Ведомствоның нұсқасы бойынша, бұған еңбек тәртібін бұзуы себеп болған.

– Дәрігердің жұмыс орнында болмаған бірнеше жағдайы жұмыс берушінің тиісті актілерімен тіркелген. Бұған дейін оған қатаң сөгіс жарияланған, – деді басқарма өкілдері.

Еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес бұзылған. Аталған бап қолданыстағы тәртіптік жазаға қарамастан, жұмыскердің дәлелді себепсіз еңбек міндеттерін бірнеше рет орындамауына қатысты.

Енді дәрігер сотқа жүгінген жағдайда жұмыстан шығарылуына қатысты шешімге дау айтуына тура келеді.