Алматыдағы Esentai City тұрғын үй кешенінде болған жарылыстан екі бала зардап шекті. Оқиға орнынан түсірілген кадрларды таңертең тұрғындар әлеуметтік желіде жариялаған еді. Қала әкімдігі оқиғаның алдын ала себебін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не белгілі?
Жарылыс үш қабатты ғимаратта болған. Өрт шықпаған. Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайға табиғи газдың шығуы себеп болуы мүмкін.
– Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған екі бала жеңіл жарақат алды. Оларды тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін үйіне жіберді. Балаларды ауруханаға жатқызу қажет болмады, – деп хабарлады Алматы әкімдігі Ulysmedia.kz редакциясына.
Қазір жауапты қызметтер оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.
Контекст
Бұған дейін тұрғындар оқиға орнынан түсірілген видеоны жариялаған еді. Кадрлардан қабырғалардың зақымданғанын және құрылымдардың қирағанын көруге болады. Оқиға куәгерлерінің бірі қатты тарсылдан оянып, алғашында жер сілкінді деп ойлағанын айтты.