Сенаттың экс-спикері Тоқаевтың реформалары туралы кітап жазды

Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары туралы кітап жазып, оны Шымкентте таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

«Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» деп аталатын кітап Қазақстандағы саяси өзгерістерге, соның ішінде конституциялық реформаға арналған.

Шымкентте Мәулен Әшімбаев еңбегін жергілікті ғалымдармен, сарапшылармен, зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен талқылады.

– Кітап жазудағы басты мақсатымыз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің және конституциялық реформаның негізгі мәнін жұртшылыққа дәріптеу екенін атап өткен жөн.  Кездесуде бүгінгі алмағайып кезеңде тұрақтылықтың рөліне, әлемдік үрдістерге және тарихи мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселесіне кеңірек тоқталдым. Жалпы, тұрақтылық дегеніміз – бір орында тұру емес, қайта трансформацияға бейімделе отырып, еліміздің саяси, экономикалық және қоғамдық жүйесін заман талабына сай үздіксіз жаңғырту, – деп жазды бұрынғы шенеунік.

Контекст

Мәулен Әшімбаев 2020 жылғы мамырдан 2026 жылғы шілдеге дейін Сенатты басқарды. Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бұрынғы қос палаталы Парламент өз жұмысын тоқтатты.

Оған дейін ол Президент Әкімшілігінде жұмыс істеп, Мәжіліс депутаты және Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды.

Сенат төрағасы қызметінен кеткеннен кейін Әшімбаев жаңа мемлекеттік лауазымға тағайындалған жоқ. Тамызда Ulysmedia.kz журналистері одан алдағы мансаптық жоспарын сұрағанда, ол қысқа ғана жауап берген.

– Үнемі жұмыстамын, әлеуметтік желіден көріп жүрген шығарсыздар, – деген еді ол.

Қыркүйекте Сенаттың бұрынғы төрағасы Адамзат бауырластығы жөніндегі Заид халықаралық сыйлығының қазылар алқасына қосылды. Қазір ол қоғамдық және сарапшылық қызметпен айналысады.

Еске салайық, 28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайды. Президент сөзінің мәтінімен жұмыс істеп жатқанын және онда ел дамуының негізгі міндеттері мен жоспарларын таныстыратынын хабарлаған.