Мелания Трамп Ресей мен Украина арасында бітімге қол жеткізді: келісім туралы не белгілі?

Ulysmedia.kz коллажы

Ресей мен Украина гуманитарлық операция өткізу үшін Херсон облысындағы Олешки қаласы маңында атысты уақытша тоқтатуға келісті. Келіссөздерге АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп арағайын болды. Бұл туралы 23 қазанда Ақ үй мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
 

Тараптар неге келісті?

Уақытша бітім қалаға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен таза су жеткізуге, сондай-ақ, бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге мүмкіндік береді.

Ақ үйдің мәліметінше, гуманитарлық операция 29 қазанда басталуға тиіс. Алайда Ресейдің Бас штабы атысты тоқтату тәртібі 27 қазаннан енгізілетінін хабарлады. Украина әскерилері де осы күнді растады.

Мелания Трамп Мәскеу және Киевпен келіссөз ұйымдастыруға өзі тікелей қатысқанын айтты. Ол өз өкілімен бірге атысты тоқтату шарттарын, көмек жеткізудің мерзімі мен тәртібін келіскен.

– Олешкидегі жағдай өте ауыр. Майдан шебіне жақын орналасқан қала апат алдында тұр. Қалада қалғандардың дені – шұғыл медициналық көмекке, дәрі-дәрмекке, азық-түлік пен таза суға мұқтаж қарттар, – деді АҚШ-тың бірінші ханымы.

Оның айтуынша, тұрғындарға электр қуаты жөнді берілмейді, жолдарға мина қойылған, ал атқылау әлі жалғасып жатыр.

Тұрғындар қалай көшіріледі?

Бітім кезінде Ресей мен Украинаның азаматтық өкілдері жергілікті тұрғындарға барып, кімге қандай көмек қажет екенін анықтауға тиіс.

Олешкиден кеткісі келетіндерге көлік берілетіні айтылды. Тұрғындар қайда баратынын өздері таңдай алады: Украинаның бақылауындағы аумаққа немесе Ресейге.

– Кейбірі Ресейге, енді бірі Украинаға барғысы келеді деп ойлаймын, – деді Мелания Трамп.

Ол тәуелсіз америкалық медиаұйымның да осы жұмысқа қатысуына келіскенін хабарлады. Ұйым өкілдері гуманитарлық топтармен бірге жүріп, болып жатқан жайттарды тіркейді. Мұндағы мақсат – көшіру кезінде тұрғындардың қалауының ескерілуін қамтамасыз ету.

Украина мен Ресей не деді?

Украина президентінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвин гуманитарлық операцияға қатысты мәселелермен Украина атынан Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец айналысып жатқанын айтты.

– Украина тарапынан Олешкиге қатысты мәселелермен Лубинец мырза айналысып жатыр. Сондықтан түсініктемені сол кісінің бергені дұрыс болар еді. Өйткені бұл – аса сақтықты қажет ететін мәселе. Бәрі Лубинец мырзамен келісілген тәртіппен жүруге тиіс, – деді Литвин.

Ресейде гуманитарлық операцияға дайындық туралы Бас штаб бастығы Валерий Герасимов мәлімдеді. Оның айтуынша, 27 қазанда Мәскеу уақытымен сағат 04:00-ден бастап Ресей әскері Херсон бағытында атысты тоқтатуға тиіс.

Көмек жеткізілмес бұрын мамандар инженерлік барлау жүргізіп, жолдарды тексереді және гуманитарлық көлік легінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.

Мелания Трамп келіссөзге қалай араласты?

АҚШ-тың бірінші ханымының айтуынша, ол Олешки тұрғындарының ауыр жағдайын қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы өтіп жатқан күндері Нью-Йоркте ұйымдастырылған іс-шарада білген. Кездесуге Украинаның бірінші ханымы Елена Зеленская да қатысқан.

Осы мәліметті алғаннан кейін Мелания Трамп бұған дейін 34 баланы отбасымен қауыштыру үшін пайдаланылған байланыс арнасы арқылы Ресей және Украина өкілдерімен хабарласқан.

Бірінші ханымның айтуынша, екі тарап та гуманитарлық операцияны дайындау, соның ішінде аумақты минадан тазарту үшін арнайы топтар құрған.

Олешкидегі жағдай қандай?

Олешки Днепрдің сол жағалауында, Херсонға қарама-қарсы орналасқан. Қала 2022 жылғы ақпаннан бері Ресейдің бақылауында.

Кең ауқымды соғыс басталғанға дейін мұнда шамамен 24 мың адам тұрған. Ақ үйдің бағалауынша, қазір қалада 1700–2000 тұрғын қалған. Олардың басым бөлігі – қарттар. Арасында 50-ге жуық бала бар.

2023 жылы Каховка бөгеті қирағаннан кейін қала аумағының шамамен 90%-ын су басқан. Қалада қалған тұрғындар азық-түлікке, суға, дәрі-дәрмек пен медициналық көмекке аса мұқтаж.