Павлодарда үш жасар қыз тісін емдеткеннен кейін комаға түсті

pixabay

Павлодарда үш жасар қыз тісін емдетуге барғаннан кейін жансақтау бөліміне түсті. Туыстарының айтуынша, ем кезінде баланың жағдайы нашарлап, кейін жүрегі екі рет тоқтаған. Қазір қыздың жағдайы аса ауыр, ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Оқиға 21 қазанда Лермонтов көшесі, 100/2 мекенжайындағы стоматологиялық клиникада болған. Қыздың туысының айтуынша, ем кезінде баланың көзі аударылып, тыныс алуы қиындаған.

Анасы қызының жағдайы нашарлағанын байқап, дәрігердің назарын аударуға тырысқан. Алайда туысының сөзінше, тіс дәрігері емдеуді жалғастыра берген.

– Анасы бірдеңе дұрыс емес екенін айтып, айғайлағанда, дәрігер «қазір қояды» деген, – дейді ол.

Сондай-ақ, туысының айтуынша, кабинетте шұғыл көмек көрсетуге қажет құралдар болмаған, ал қызметкерлер жедел жәрдемді бірден шақырмаған.

Оның сөзінше, бала есінен танып, аузынан көбік шыққан. Анасы қайта-қайта өтінгеннен кейін ғана көрші кабинеттегі мейіргер жедел жәрдем шақырған.

Туысының айтуынша, жедел жәрдем көлігінде қыздың жүрегі тоқтап қалған. Ал екінші рет облыстық балалар ауруханасында тоқтаған.

– Балаға қандай ем жасалғаны, қандай дәрі енгізілгені белгісіз, – деп жазды ол.

Денсаулық сақтау басқармасы Ulysmedia.kz редакциясына 21 қазанда сағат 15:45-те 2023 жылы туған қыз Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенін растады.

Баланың жағдайы аса ауыр болғандықтан, қабылдау бөліміне соқпай, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Қыз өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, қарқынды ем алып жатыр.

22 қазанда дәрігерлер Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандарымен онлайн кеңес өткізген. Олар әрі қарайғы емдеу жоспарын бірлесіп келіскен.

Басқарманың мәліметінше, дәрігерлер консилиумы баланың жағдайын күн сайын бағалап отыр. Мәселе ведомство басшысының жеке бақылауында.

Стоматология не дейді?

Клиника барлық медициналық емшара Қазақстанда қолданыстағы хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, стоматология басшылығы тексеру аяқталғанша қызметкерлерді кінәлауға асықпауға шақырды.

– Сапалы медициналық көмек көрсету және пациенттеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – клиниканың басты міндеті, – делінген мәлімдемеде.

Стоматология өкілдері дәрігерлік құпияны сақтау талабына байланысты емнің мән-жайын көпшілікке жариялай алмайтынын да түсіндірді.

Бұған қоса, клиника өкілдері жалған ақпарат тарату және қызметкерлерді негізсіз айыптау үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Олар ем кезінде не болғанын, балаға қандай көмек көрсетілгенін және медицина қызметкерлерінің әрекеті оның жағдайына әсер етуі мүмкін бе екенін анықтауға тиіс.