Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты 25 қазанда атап өтілетін Қазақстанның Республика күнімен құттықтады. Ол өз құттықтауында еліміздің жетістіктеріне тоқталып, Мәскеу мен Астана арасындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресей президенті Тоқаевты ұлттық мерекемен құттықтап, Қазақстанның даму жолындағы жетістіктеріне жоғары баға берді.
– Қазақстанның экономика және әлеуметтік саладағы жетістіктері баршаға белгілі. Еліңіз халықаралық мәселелерді шешуге елеулі әрі сындарлы үлес қосып, әлемдік аренада лайық беделге ие болып отыр, – делінген құттықтауда.
Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастыққа да ерекше тоқталды.
Ол екі елдің стратегиялық серіктестікті дамытып, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
Ресей президентінің айтуынша, Мәскеу мен Астана алдағы уақытта да түрлі саладағы байланыстарын нығайта бермек.
– Достас халықтарымыздың игілігі, Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді байланыстарды барлық бағыт бойынша алдағы уақытта да дәйекті түрде дамыта түсетінімізге сенімдімін, – деді Путин.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық пен табыс, ал Қазақстан халқына амандық пен бақ-береке тіледі.
25 қазанда Қазақстан Республика күнін атап өтеді. Бұл мереке 1990 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен байланысты. Тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуіне жол ашқан маңызды қадамдардың бірі болды.