Трамп, Си Цзиньпин, Ердоған және өзге де әлем көшбасшылары Тоқаевты Республика күнімен құттықтады

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Республика күніне орай ондаған мемлекет пен халықаралық ұйымдардың басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті. Олардың арасында АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Франция және өзге де елдердің көшбасшылары бар. Шетелдік басшылар өз құттықтауларында Қазақстанның жетістіктерін атап өтіп, алдағы ынтымақтастық туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Путин, Трамп және Си Цзиньпин не айтты?

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктерін, сондай-ақ, халықаралық саясаттағы рөлін атап өтті.

– Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында табысты дамып келеді. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстарды барлық бағыт бойынша дәйекті түрде нығайта беретінімізге сенімдімін, – деп жазды Путин.

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстандағы саяси реформаларға, экономикалық өсімге және еліміздің халықаралық аренадағы беделінің артуына жоғары баға берді.

Ол Астана мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастың маңызын да ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беремін. Екі ел халқының игілігі үшін өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, оны нақты істермен толықтыру жолында бірлесе күш жұмсауға дайынмын, – деді Қытай басшысы.

АҚШ президенті Дональд Трамп құттықтауында өзінің екі президенттік мерзімі кезінде Тоқаевпен қалыптасқан ынтымақтастыққа тоқталды.

– Елдеріміз арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын. Президенттік қызметімнің екі мерзімінде Сізбен арада қалыптасқан тамаша қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниеттімін. Осындай маңызды тарихи белесті атап өтуге қатысу мен үшін үлкен мәртебе, – делінген Трамптың құттықтауында.

Көрші елдерден келген құттықтаулар

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев кейінгі жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай нығайғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды одан әрі дамытып келеді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын еске салды. Бұл құжат еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуіне жол ашқан еді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон екі мемлекет арасындағы достық пен өзара сенімнің маңызын атап өтті.

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды. Ол халықтың әл-ауқатының артуы мен еліміздің халықаралық беделінің нығаюын ерекше атап өтті.

Ердоған мен Әлиев не жазды?

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған құттықтауында екі елдің тарихи және мәдени тамыры ортақ екеніне назар аударды.

Ол Қазақстан мен Түркия кеңейтілген стратегиялық серіктестікті алдағы уақытта да нығайта беретініне сенім білдірді.

– Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің беріктігін биыл 14 мамырда Астанада өткен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы, сондай-ақ одан кейін Түркістанда ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті айқын көрсетті, – деді Ердоған.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те Тоқаевты құттықтап, Қазақстанның жетістіктері мен екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың дамуына тоқталды.

Ол мемлекет басшылары деңгейіндегі тұрақты кездесулердің маңызын атап өтіп, Қазақстан Президентінің Әзербайжанға жуырдағы сапарына жоғары баға берді.

Макрон мен Ұлыбритания королі

Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстан халқына құттықтау жолдап, ондаған жыл бойы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтті.

– Француз халқының Қазақстан халқына деген шынайы достық ықыласы мен терең құрметін жеткізуіңізді сұраймын, – делінген оның құттықтауында.

Макрон екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 35 жыл толатынын еске салып, халықаралық мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.

Ұлыбритания королі III Чарльз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына ізгі тілегін жолдады.

Ол екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты атап өтіп, оны одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстанның алдағы уақытта да өркендей беретініне сенім білдірді.

Ол 2026 жылғы қыркүйекте Тоқаевтың Сеулге жасаған мемлекеттік сапарына ерекше тоқталды. Сапар қорытындысы бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынас болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген еді.

Қазақстанды тағы кімдер құттықтады?

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Германия, Италия, Аустрия, Швейцария, Беларусь, Иран, Пәкістан, Индонезия, Сингапур, Вьетнам, Чехия, Румыния, Словения, Литва, Мальта және басқа да мемлекеттердің президенттері құттықтау жолдады.

Құттықтағандар қатарында Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылары, Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман, Испания, Бельгия, Швеция, Бахрейн және Таиланд корольдері, Монако князі II Альбер, сондай-ақ Жапония императоры Нарухито бар.

Рим Папасы XIV Лев, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта, ЮНЕСКО бас директоры Халед әл-Анани және ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев те ізгі тілектерін жеткізді.

Ақорданың хабарлауынша, шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдар басшыларынан құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

Республика күні

25 қазанда Қазақстан еліміздің басты ұлттық мерекелерінің бірі – Республика күнін атап өтеді.

1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды.

Бұл құжат Қазақстанның 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған тәуелсіздігіне жол ашқан маңызды тарихи қадам болды.