Алматыдағы РФММ оқушылары ет пен тауық рулетін жеп уланған

Ulysmedia коллажы

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары жаппай уланғаннан кейін санитариялық дәрігерлер асхана мен оның қызметкерлерін тексерді. Төрт жұмысшыдан алтын түсті стафилококк анықталса, дайын тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тексеру нәтижесі

Мамандар MasterFood компаниясы қызмет көрсететін асханадағы 38 қызметкерді тексерген. Стафилококк анықталған төрт адам уақытша жұмыстан шеттетілді.

Тексеру барысында азық-түлікті сақтау талаптары бұзылғаны, асүй құралдарына таңбалау жүргізілмегені және қажетті жабдықтардың бір бөлігі болмағаны анықталды. Залалсыздандыру сапасына да қатысты сұрақтар туындаған. Бұдан бөлек, ас мәзіріндегі нақты тағамдар құжаттарда көрсетілген тізіммен сәйкес келмеген.

Санитариялық дәрігерлер инфекцияның тағам арқылы таралғанын анықтады. Өзін жайсыз сезінген оқушылардың көбі мұны тауық рулеті мен қазақша ет жеумен байланыстырған.

Асхана екі айға жабылды

Оқушылардың алғашқы легі 12 қазанда ауруханаға түсті. Барлығы 58 бала ауруханаға жатқызылып, тағы екеуі үйінде емделді. 22 қазанға дейін олардың барлығы ауруханадан шықты.

Тексеруден кейін асхана мен мектеп-интернат 60 күнге жабылды. РФММ мен MasterFood компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар санитариялық қағидаларды бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір инфекция ошағы оқшауланды. Дәрігерлердің бақылауында 961 адам болды. Жаңа ауру жұқтыру деректері тіркелген жоқ.