Зеленский Путинге бейбіт келіссөз жүргізу үшін Түркияда кездесуді ұсынды

AFP

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен Түркияда жеке кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел делегациялары арасындағы келіссөздер соғысты тоқтатуға әзірге нәтиже бермеген. Сондықтан ендігі маңызды шешімдерді мемлекет басшылары тікелей қабылдауы керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Неліктен Түркия?

Зеленский CNN Türk арнасына берген сұхбатында Киевтің Путинмен Түркияда кездесу өткізуге дайын екенін растады.

Украина президентінің пікірінше, Анкара екі елмен де байланысын сақтап отырғандықтан және бұған дейін осындай келіссөздер ұйымдастырғандықтан, арағайын бола алады.

Зеленский Ресей басшылығымен байланысын үзбеген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның рөлін де ерекше атап өтті.

– Иә, біз дайынбыз. Бұл кездесуді Түркияда өткізуге дайынбыз, – деді Зеленский.

Оның айтуынша, Украина мен Ресей өкілдері бұған дейін Түркияда келіссөз жүргізген. Біріккен Араб Әмірліктерінде де екі елдің жұмыс топтары кездескен. Алайда соғыс әлі жалғасып жатыр.

Сондықтан Зеленский енді екі ел басшыларының тікелей сөйлесуі қажет деп есептейді.

– Мемлекет басшылары кездесуі керек. Екі елдің халқы да соғыстың аяқталғанын қалайды және бұған қол жеткізуге болатынына сенеді, – деді ол.

Дегенмен Украина президенті нақты нәтиже бермейтін кездесу халықтың дипломатиялық жолмен бейбітшілік орнатуға деген сенімін одан әрі әлсіретуі мүмкін екенін мойындады.

Трамппен кездесу мүмкіндігі

Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде Путин екеуін кездестіруге талпыныс жасауы мүмкін деген ақпаратқа да пікір білдірді.

Украина басшысының айтуынша, Киевке әзірге ресми шақыру түспеген. Алайда келіссөз жүргізушілер тарапынан белгілі бір ұсыныстардың нышаны болған.

– Әрине, Трамп мырза бізді ресми түрде шақырса, бұл ұсынысты қолдаймыз, – деді Зеленский.

Сонымен қатар ол тараптардың желтоқсанға дейін соғысты тоқтату жөнінде келісімге келе алатынына қатысты болжам жасаудан бас тартты.

«Украинаның тағдырын Украинасыз шешуге болмайды»

Зеленский Трамп, Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасында өтуі мүмкін келіссөздерге де тоқталды.

Ол Украинаның болашағына қатысты қандай да бір шешім Киевтің қатысуынсыз қабылданбауы керек екенін айтты.

– Украинаның тағдырын Украинасыз шешуге болмайды. Бұл әділетсіздік болар еді әрі ешқандай нәтиже бермейді, – деді президент.

Оның пікірінше, өзге мемлекеттердің басшылары халықаралық мәселелерді өзара талқылай алады. Бірақ Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қатысты шешімдер міндетті түрде елдің өз қатысуымен қабылдануға тиіс.

Зеленский бұған дейін де Киевтің қатысуынсыз Украинаның болашағына қатысты келісімге келу әрекеттері болғанын, алайда олардың нәтиже бермегенін еске салды.

Ресейге қарсы санкциялар туралы не айтты?

Украина президенті АҚШ-тың Ресейдің энергетика саласына қарсы санкцияларын жеңілдетуін де сынға алды.

Оның пікірінше, мұнай мен басқа да отын түрлерін сатудан түсетін қосымша табыс Мәскеуге әскери шығындарын арттырып, Украина қалаларына шабуылдарын жалғастыруға мүмкіндік береді.

– Ресей тек күш пен батыл қарсылықты түсінеді. Сонда ғана өз ұстанымы мен саясатын өзгертеді, – деді Зеленский.

Ол сондай-ақ Украинаның Ресейдегі отын нысандарына жасаған соққылары әлемдік бағаға айтарлықтай әсер етеді деген пікірмен келіспеді.

Зеленскийдің бағалауынша, әлемдік энергетика нарығына Таяу Шығыстағы соғыс, әсіресе Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай әлдеқайда күшті ықпал етіп отыр.