Интерпол іздеген қазақстандық Пхукетте төсегінде жатқан жерінен ұсталды

Facebook / PhuketTimeNews

Пхукет полициясы Қазақстан мен Интерпол халықаралық іздеу жариялаған 24 жастағы қазақстандықты ұстады. Оған алаяқтық жасады және ақшаны жылыстатты деген күдік бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

The Phuket News басылымының жазуынша, ер адам 3 қарашада Патонг ауданындағы жатақханалардың бірінен табылған. Полицейлер келген кезде ол бөлмеге жасырынып қалуға тырысқан. Phuket Times басылымы жариялаған видеоға қарағанда, ер адамды төсегінде жатқан жерінен ұстаған.

Жалған компаниялар

Phuket Times мәліметінше, қазақстандық жалған құжаттар жасау схемасына қатысты деген күдікке ілінген. Бұл іске қатысқандар 20-дан астам жалған компания құрған. Тергеу нұсқасы бойынша, мемлекетке 560,8 миллион теңге шығын келген.

Бұдан бөлек, ер адам Таиландта болу визасының мерзімін 185 күннен астам уақытқа өткізіп алған.

Ұсталғаннан кейін ол тергеушілерге тапсырылды.

Контекст

Маусым айында Пхукет полициясы тағы бір қазақстандық әйелді ұстаған. Ол полицейлерден қашып, жол апатына себеп болған. Салдарынан екі адам зардап шеккен.