Қазақстан мен мұнай алпауыттары Теңіз кен орнының болашағына қатысты келісімге келе алмай отыр

Gov.kz

Қазақстан 2033 жылдан кейін Теңіз кен орнын игеру мәселесі бойынша шетелдік инвесторлармен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Тараптар шарттарды белсенді талқылағанымен, әзірше ортақ келісімге келген жоқ. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Келіссөздер жалғасып жатыр

Үкіметтегі брифингте журналистер министрге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан үшін тиімдірек шарттарға қол жеткізу туралы тапсырмасын еске салды. Олар Ерлан Ақкенженовтен тараптардың келісімге қаншалықты жақындағанын сұрады.

Министрдің айтуынша, келіссөздер қазір қызу жүріп жатыр. Қазақстан мен инвесторлар өзара ұсыныст алмасады. Алайда ол талқыланып жатқан шарттарды нақтылаудан бас тартты.

– Бұл коммерциялық келіссөз болғандықтан, қандай да бір келісімге қол жеткізілгеннен кейін ғана оның нәтижесі туралы айту керек деп ойлаймын. Қазірше ешқандай келісім жоқ, – деді Ақкенженов.

Тараптардың қашан ортақ мәмілеге келетіні туралы министр нақты мерзім атаған жоқ. Оның айтуынша, келіссөздерді аяқтауға белгіленген қатаң мерзім жоқ.

– Ең басты мақсат – Қазақстан халқының мүддесін қорғау. Бұдан басқа мақсатымыз жоқ. Қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт келіссөз жүргіземіз. Ең маңыздысы – мүддемізді қорғау, – деді министр.

Миллиардтаған доллар туралы сөз болып отыр

Теңіз кен орнын игеру жөніндегі қазіргі келісім 1993 жылы 40 жылға жасалған. Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан елдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірін шетелдік компаниялар қандай шарттармен игеруді жалғастыратынын шешуі керек.

Бұған дейін Bloomberg басылымы Қазақстан жобадағы үлесін 35 пайызға дейін ұлғайтуды және біржолғы 10 миллиард доллар төлем алуды көздеп отырғанын хабарлаған еді.

Қазір жобаның 50 пайызы Chevron компаниясына, 25 пайызы ExxonMobil-ге, 20 пайызы «ҚазМұнайГазға», ал 5 пайызы «Лукойлға» тиесілі.

Сізге қызық болуы мүмкін