Энергетика министрлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газдың шекті көтерме бағасын өзгертпеуді ұсынды. Автокөліктерге арналған газдың бір тоннасы қосылған құн салығынсыз 59 722 теңге болып қала бермек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатты талқылау 27 қарашаға дейін жалғасады. Бағаның қай күнге дейін сақталатыны жобада көрсетілмеген.
Қандай баға туралы сөз болып отыр
Шекті көтерме баға биржа арқылы емес, ішкі нарыққа жеткізу жоспары бойынша сатылатын газға ғана қатысты. Өндірушілер газды осы бағадан жоғары сата алмайды. Жанармай құю бекеттеріндегі баға да осы көрсеткішке байланысты, алайда бұйрықта бөлшек сауда бағасы белгіленбейді. Ол өңірлерге қарай өзгеруі мүмкін.
Бір тонна газдың 59 722 теңге болатын бағасы 2025 жылғы тамыздан бері қолданыста. Оған дейін баға 51 932 теңге болған. 2026 жылы Энергетика министрлігі бұл бағаны екі рет қайта бекітіп, әр жолы тағы алты айға өзгертусіз қалдырды.
Өзіндік құнынан арзан
2025 жылдың жазында Энергетика министрлігі бір тонна сұйытылған газ өндіруге 70-80 мың теңге жұмсалатынын мойындаған. Демек, баға көтерілгеннен кейін де оның шекті мөлшері өзіндік құнынан 10-20 мың теңгеге төмен болып отыр.
Автогаз жүргізушілерге бензиннен шамамен үш есе арзан түседі. Сондықтан оған деген сұраныс та артып келеді. 2026 жылдың жазында батыс өңірлердегі жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болды. Сол кезде Қазақстан Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытында қойылған шектеулерге байланысты Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіру көлемін қысқартты.