Қарағанды облысында жоғалған әйелдің мәйіті табылды

әлеуметтік желі

Қарағанды облысында қыркүйек айында жоғалып кеткен 38 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған. Қайғылы оқиғаның кейбір мән-жайын Ulysmedia.kz тілшісіне полиция мәлімдеді.

Мәйіт қаладан 22 шақырым жерден табылған

13 қарашада полицейлер Теміртау қаласынан шамамен 22 шақырым жерден әйелдің мәйітін тапты. Ол – туыстары екі айға жуық уақыт іздеген 38 жастағы Ирина Керн.

Полицияның мәліметінше, күдікті ретінде 40 жастағы ер адам ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

– Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаменті.

Алайда ұсталған ер адамның марқұмға кім болып келетіні әзірше белгісіз.

Әйел жанжалдан кейін жоғалып кеткен

Жергілікті пабликтердің мәліметінше, Ирина 19 қыркүйектен 20 қыркүйекке қараған түні жоғалған. Оның әпкесінің айтуынша, әйел жоғалар алдында азаматтық некедегі күйеуімен жанжалдасқан.

Отбасы Иринаны өз бетінше іздеген. Туыстары таныстарына хабарласып, әйел болуы мүмкін жерлерді тексерген. Алайда жоғалғаны туралы арыз полицияда тек 2 қазанда тіркелген.

Марқұмның артында үш баласы қалды.

Әйелдің өліміне қатысты тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.

Сізге қызық болуы мүмкін