Атырауда оқушылар 300 мың теңге салынған әмиян тауып, иесіне қайтарып берді

afishi atyrau

Атырауда 6 және 7-сынып оқушылары көшеден ішінде 300 мың теңгесі бар әмиян тауып алды. Балалар ақшаны полиция қызметкерлеріне тапсырған. Соның арқасында жоғалған әмиян иесіне қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқушылар қалада серуендеп жүргенде жерде жатқан әмиянды байқап қалған. Оның ішінде қомақты ақша болған. Балалар бірден дұрыс шешім қабылдап, тауып алған әмиянды патрульдік полиция қызметкерлеріне тапсырған.

Тәртіп сақшылары әмиянның иесін анықтап, 300 мың теңгені толық қайтарып берді.

Адалдық танытқан оқушылар марапатталды

Бұл оқиға балалар білім алатын Зейнолла Қабдолов атындағы мектепте жалғасын тапты. Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев оқушыларға алғыс айту үшін мектепке арнайы барды.

Адалдық танытқан балаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Полиция департаменті оқушылардың бұл әрекеті адалдықтың, өзгенің мүлкіне құрметпен қараудың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

«Адалдық жас талғамайды. Кішкентай жүректен шыққан үлкен жақсылық қоғамды мейірімге бөлейді», – деді ведомство өкілдері.

Полиция мұндай игі істердің көпшілікке үлгі болуға лайық екенін және өзгелерді де жақсылық жасауға үндейтінін жеткізді.

Сізге қызық болуы мүмкін