Словакияда қазақстандық студенттер адам ұрлады деген күдікке ілінді

Видео кадры

Словакияның Тренчин қаласында ақша бопсалау мақсатында адам ұрлады деген күдікпен төрт жігіт ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, жергілікті университетте оқитын студенттер өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, егде жастағы әйелдің үйіне кірген. Олар әйелдің немересін іздеген. Ал оқиғаға қатысы бар деген бесінші күдікті қашып үлгерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Словакияның TN Live басылымының мәліметінше, бес жігіт Тренчин қаласының тұрғынын іздеген. Болжам бойынша, олар ер адамнан ақша бопсаламақ болған.

Жігіттер оның әжесінің үйіне барып, өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырған. Содан кейін үйдің ішін тінтуге кіріскен.

Егде жастағы әйел бұл оқиғадан қатты қорқып қалғанын айтқан.

«Ол да қорқып отыр, мен де қорқамын. Бізді өлтіріп кете ме деп қорқамыз», – деді әйел.

Ақырында жігіттер іздеген адамын әжесінің үйінен тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, олар ер адамды соққыға жыққан.

Төртеуі ұсталды, бесіншісі қашып кетті

Әжей полиция қызметкерлері деп ойлаған адамдардың әрекетіне шағымданғаннан кейін олардың алдап жүргені әшкере болған.

Тексеру барысында жігіттер құқық қорғау органдарына еш қатысы жоқ екені, тек өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырғаны анықталған.

БАҚ мәліметінше, олардың барлығы – Қазақстан азаматтары.

Кейін полиция оқиғаға қатысы бар деген төрт жігітті ұстады. Ал бесіншісі қашып үлгерген.

Ұсталғандардың барлығы жергілікті университетте оқиды. Олардың жасы 18 бен 21 аралығында.

TN Live журналистері күдіктілердің бірінің адвокатымен сөйлескен. Қорғаушының айтуынша, оның қорғауындағы студентке адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, ақша бопсалау мақсатында адам ұрлау деген аса ауыр қылмыс бойынша айып тағылған.

Алайда адвокат тергеу нұсқасымен келіспейтінін мәлімдеді.

«Менің ойымша, тағылған айыптың көп бөлігі қолдан жасалған. Алдын ала тергеу барысында-ақ оқиғаның айыптау туралы қаулыда көрсетілгендей болмағанын дәлелдейтін деректер пайда болып жатыр», – деді адвокат.

Сізге қызық болуы мүмкін