Ақтөбеде бұрынғы әйеліне зорлық көрсетіп, қорқытты деп айыпталған әкімдік қызметкері ұсталды. Үш баланың анасы Ақбота Серік бұған дейін Ulysmedia.kz басылымына екі жылдан бері қылмыстық істің сотқа жетуіне қол жеткізе алмай жүргенін айтқан еді.
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті әкімдік қызметкері ұсталғанын растады.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Ақбота Серік редакцияға іс бойынша тергеудің алға жылжи бастағанын жеткізді.
Дегенмен әйел істің созылып кетуіне жол беріп, ұсынылған дәлелдерді елемеді деп есептейтін лауазымды тұлғалардың әрекетін де тексеруді талап етіп отыр.
Ақбота Серіктің айтуынша, ажырасқаннан кейін де бұрынғы күйеуі оны қорқытып, қоқан-лоқы көрсетуін тоқтатпаған.
Әйел экс-жұбайының өзіне пышақ пен балта кезенгенін, пәтерінің алдында аңдып жүргенін және кіреберіс есікті бұзуға әрекеттенгенін айтқан.
Бұған дейін редакция бұл жағдайға қатысты пікір алу үшін әйелдің бұрынғы күйеуіне хабарласқан. Алайда ол жауап бермеген.
Ақботаның басынан өткен оқиға туралы бұған дейін де жазған едік.
Ардақ Ерубаева