Қазақстан азаматтарының Албанияға визасыз бару тәртібі өзгермек. Балқан түбегіндегі ел билігі Қазақстанмен арадағы визасыз қатынас туралы келісімнің күшін жою туралы шешім қабылдады. Бұл өзгеріс 2027 жылы Албанияға сапарлауды жоспарлаған қазақстандықтарға әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Албанияның Министрлер кеңесі Қазақстанмен арадағы азаматтардың бір-бірінің еліне визасыз баруына мүмкіндік беретін келісімнің күшін жоюды мақұлдады. Тиісті қаулы 2026 жылғы 12 қарашада қабылданған.
Қазақстан мен Албания арасындағы визасыз қатынас 2022 жылғы 4 қарашада Албания үкіметі бекіткен келісім негізінде жүзеге асып келген.
Енді ел билігі бұл келісімнің күшін ресми түрде тоқтату туралы шешім қабылдады.
Мұндай ұсынысты Албанияның Еуропа істері және сыртқы істер министрлігі енгізген. Ал қаулыға ел премьер-министрінің орынбасары Альбана Кочиу қол қойған.
Құжатқа сәйкес, қаулы Албанияның ресми басылымында жарияланғаннан кейін күшіне енеді.
Алайда Қазақстан азаматтары нақты қай күннен бастап виза рәсімдеуге міндеттелетіні әзірге белгісіз. Қаулыда бұл туралы нақты мерзім көрсетілмеген.
Сондықтан 2027 жылы Албанияға баруды жоспарлаған қазақстандықтарға жол жүру билетін сатып алмас бұрын елге кіру талаптарын алдын ала нақтылап алған жөн.