×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

Nvidia компаниясы Қытайға чип жеткізуге қатысты тергеуге алынды

Бүгін, 17:02
Nvidia компаниясы Қытайға чип жеткізуге қатысты тергеуге алынды
Reuters

АҚШ-тың Калифорния штатында Nvidia компаниясына қатысты тергеу басталды. Компания Қытайға чиптерді заңсыз жеткізді және инвесторлардан маңызды ақпаратты жасырды деген күдікке ілінді. Тергеу Nvidia компаниясының бұрынғы басшысы Дженсен Хуангқа қатысты даудан кейін басталған. Осы оқиғалардан соң компанияның нарықтық құны шамамен бір триллион долларға төмендеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Калифорния штатының бас прокуроры Роб Бонта Қытайға чип жеткізу кезінде заң бұзылған-бұзылмағаны тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

Bloomberg басылымының жазуынша, тергеушілер Nvidia компаниясы мен оның бұрынғы басшысы Дженсен Хуанг өнім жеткізуге қатысты шынайы ақпарат берген-бермегенін анықтамақ.

Егер компания инвесторларды немесе қоғамды әдейі жаңылыстырғаны дәлелденсе, оған азаматтық қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін.

19 қарашада прокуратура Nvidia компаниясына ресми сұрау жіберіп, қажетті құжаттарды ұсынуды талап еткен.

Роб Бонтаның айтуынша, тергеу әзірге бастапқы кезеңде.

Компанияға қандай жаза қолданылуы мүмкін?

Егер заң бұзылғаны анықталса, билік сот арқылы компанияның заңсыз әрекеттерін тоқтатуды талап ете алады.

Сондай-ақ, заңсыз сатылымнан түскен табысты қайтару міндеттелуі мүмкін.

Тергеу барысында анықталған мән-жайларға қарай қылмыстық іс қозғалуы да ықтимал.

Nvidia-ның бұрынғы басшысына қатысты дау

Тексеруге Дженсен Хуангтың Қытай азаматшасымен қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат та себеп болған. Ол әйел тыңшылық жасады деген күдікке ілінген.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық тергеу бюросы (ФБР) аталған қарым-қатынастың мән-жайын тексеріп жатқанын мәлімдеген.

Дегенмен Калифорнияның бас прокуроры чип жеткізуге қатысты заң бұзушылықтарды тексеру Хуангтың жеке өміріне мүлде қатысы болмауы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.

12 қарашада Nvidia Дженсен Хуангтың бас директор және президент қызметінен, сондай-ақ директорлар кеңесінің құрамынан кеткенін жариялады.

Nvidia бір триллион долларға жуық нарықтық құнын жоғалтты

Дау туралы ақпарат тарағаннан кейін технологиялық компанияның акциялары күрт арзандай бастаған.

Bloomberg мәліметінше, қазанның аяғынан бері Nvidia акцияларының бағасы 29 пайыздан астам төмендеген.

Ал Business Insider басылымының жазуынша, Дженсен Хуанг қызметінен кеткеннен кейін компанияның нарықтық құны шамамен бір триллион долларға қысқарған.

Бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стафф Nvidia негізін қалаушы Дженсен Хуангқа қатысты дау компанияның Қазақстандағы жоспарларына әсер етпейтінін мәлімдеген еді.

Сізге қызық болуы мүмкін