Индонезиядағы кондитерлік фабрикада ірі өрт шығып, қайғылы жағдай болды. Құтқарушылар өрт орнынан адам сүйектері мен дене қалдықтары салынған жеті қап тапты. Ал фабриканың 50-ге жуық қызметкерінің қайда екені әлі белгісіз. Қаза тапқандардың нақты санын анықтау әзірге мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өрт 21 қарашада кешке Ява аралының батыс бөлігіндегі Чиканде қаласында орналасқан кәсіпорында шыққан.
Сол күні фабрикада 300-ге жуық адам жұмыс істеп жатқан. Өрттен кейін олардың 50-ге жуығының қайда екені белгісіз болып қалған.
Құтқарушылар өртенген ғимаратты тексеруді жалғастырып жатыр. Олардың болжамынша, ғимарат ішінде әлі де адамдар болуы мүмкін.
Алайда іздестіру жұмыстарына ғимараттың кей бөліктері құлап кетуі мүмкін деген қауіп кедергі келтіріп отыр.
Өрт басталғанына бір тәуліктен астам уақыт өтсе де, жалынды толық сөндіру мүмкін болмаған.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өрт орнынан адам сүйектері мен дене қалдықтары салынған жеті қап табылған.
Алайда полиция бір қапта бірнеше адамның сүйегі болуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан қаза тапқандардың нақты саны әзірге белгісіз.
Қатты өрт салдарынан мәйіттерді сыртқы белгілеріне қарап тану мүмкін болмай отыр.
«Біз бұл өрттен қаза тапқандардың кім екенін сыртқы келбетіне қарап анықтау мүмкін емес деген қорытындыға келдік», – деді полиция өкілі Вахью Хидаяти.
Қазір мамандар жоғалған қызметкерлердің туыстарынан ДНҚ үлгілерін алып жатыр.
Сондай-ақ, сараптама жүргізу үшін жұмысшылардың үйлері мен жатақханаларынан жеке заттары жиналуда.
Алдын ала болжам бойынша, қаза тапқандардың кім екенін анықтауға екі-үш апта уақыт кетуі мүмкін.
Өрт Индонезияда 1981 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан United Family Food компаниясының кондитерлік фабрикасында шыққан.
Кәсіпорын азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұтынуға арналған басқа да тауарлар шығарады.
Компанияның мәліметінше, онда бес мыңға жуық адам жұмыс істейді.