26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Өрт орнынан бес адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың бірі – кәмелетке толмаған бала, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 112 пультіне сағат 03:44-те түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына төрт минуттан кейін жеткен. Алайда сол кезде үйді жалын шарпыған.
– Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді. Оны сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 35-ке жуық қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылды, – деп хабарлады ведомство.
Қазір өрттің шығу себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.