Шахматтан әлем чемпионаты: Синдаров пен Гукеш бір-біріне дес бермей келеді

FIDE / Michal Walusza

Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров шахматтан қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджумен тағы да тең түсті. Әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матчтың төртінші партиясы 28 қарашада Женевада өтті. Төрт кездесуден кейін қарсыластардың жалпы есебі 2:2 болып тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кездесу қалай өтті?

Төртінші партияда ақ түсті тастармен ойнаған Гукеш алғашқы жүрістерінен-ақ әдеттен тыс дебют қолданып, қарсыласын тосыннан ұстауға тырысты. Алайда 20 жастағы Синдаров өз позициясын сақтап, қазіргі әлем чемпионының басымдыққа ие болуына жол бермеді.

Ойын барысында шахматшылар тастардың басым бөлігін алмастырды. Нәтижесінде тақтада патшалар, уәзірлер және бірнеше пешка ғана қалды. Синдаровтың бір пешкасы артық болғанымен, ол бұл басымдығын жеңіске айналдыра алмады.

34-ші жүрісте тақтадағы позиция үш рет қайталанып, партия тең аяқталды.

Төрт партияда да жеңімпаз анықталмады

Әлем чемпионы атағы үшін өткен төрт кездесудің барлығы тең аяқталды. Қарсыластардың жалпы есебі – 2:2.

Шахматшылар классикалық шахматтан 14 партияға дейін ойнайды. Матчта жеңіске жету үшін олардың бірі 7,5 ұпай жинауы қажет.

Бесінші партия 29 қарашаға жоспарланған.

Синдаров кім?

Ташкенттік 20 жастағы шахматшы Өзбекстанның ең табысты жас гроссмейстерлерінің бірі саналады. Ол 2018 жылы небәрі 12 жасында гроссмейстер атағын алған. Кейін екі рет Өзбекстан чемпионы атанды.

2025 жылы Синдаров Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) әлем кубогын жеңіп алса, 2026 жылы бірде-бір рет жеңілместен Үміткерлер турнирінің жеңімпазы атанды.

Сізге қызық болуы мүмкін