«Автомат берсеңдер Оралды Ресейге қосамыз» дегендердің үстінен қозғалған іс таяуда «қылмыс құрамы болмағаны үшін» қысқартылған. Бұл қаншалықты дұрыс деген сұрақты Ulysmedia.kz порталының тілшісі ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа қойды.
Еске салсақ, 2022 жылдың қарашасында блогер мен чат-рулеткадағы ер адамдар арасында диалог болған. Блогер өзін Ресей азаматы ретінде таныстырады. Видеодағы үш батысқазақстандық – ересек ер адам және екі жас жігіт шетел азаматымен әңгімелесінде «Орал мен облыс аумағын Чапаево кентіне дейін Ресейге беру керек» деп мәлімдейді.
«Оралды бірінші кезекте алыңдар, тек қолға автомат берсеңдер болды. Чапаевоға дейін алыңдар. Қабылдасаңдар болды, біз бәріміз сонда барамыз. Бүкіл Қазақстанды сүйреп апарамыз. Біз баяғыдан бері дайынбыз, тек күтіп отырмыз», – дейді БҚО тұрғындары.
Көп ұзамай полиция видеодағы азаматтардың ұсталғанын мәлімдеген. Алайда олардың көп ұзамай босатылғаны белгілі болды.
«Олар жаңа видео жазып, желіде тараған видеода айтылған сөздер үшін кешірім сұрады . Бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, яғни кешірім сұрағаннан кейін олардың барлығы үйлеріне жіберілді», – делінген хабарламада.
Полицейлердің айтуынша, сараптаманы Ақтөбе өңіраралық сот сараптамасы РМҚК филиалының ҚР ӘМ ССО сарапшылары жүргізген.
Осы ретте ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан «бұл қалыпты жағдай ма? Расында да, Қазақстан жерін Ресейге қосайық деген сөз қылмыс емес пе?» деп сұрадық.
«Әрбір қылмыстық істі нақты қарау керек. Ол жерде қандай пейілмен, қандай ниетпен айтты? Ол істі көрген жоқпын, білмеймін. Сондықтан, сол жеке қылмыс туралы мен жауап бере алмаймын. Егер сұрағыңыз болса, осы қызметкерлерімізге беріңіздер. Зерттеп, егер сол жерде шешім дұрыс заңды қабылданбаса, біз өз тарапымыздан қадағалайтын ведомство, прокурорлар бар», - деді Марат Ахметжанов.
Министрден «осындай жағдайлар көп болып кетті, назар аударып отырсыздар ма?» деген сұрағына «әрине» деп жауап берді.
«Қылмыстық істі қозғаймыз. Арандату, ұлттық қарым-қатынасқа іріткі салу – қылмыстық кодексте көзделген. Егер бізге тұрақтылық, бейбітшілік керек. Арандатушыларды, іріткі салушыларды қатаң жауаптылыққа тартамыз», - дейді ол.