Алматыда істен шыққан тоңазытқышта сақталған вакциналар жарамсыз болып қалды

Ulysmedia

Алматыда істен шыққан тоңазытқышта сақталған коронавирусқа қарсы вакциналар жарамсыз болып қалған. Бұл ақпаратты 29 қыркүйекте өткен брифингте Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Лаура Мырзағали растады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

orda.kz-ның мәліметінше, бұл – өткен жексенбіде емханада болған жағдай. Медбике вакцинация жасап болған соң сағат 17:00-ге қарай есікті жауып, үйіне кеткен.  

«Дүйсенбі күні таңғы сағат 8: 00-де егу бөлмесіндегі медбике тоңазытқыш бұзылып қалғанын көреді. Ішін ашқан кезде мұздатқыштағы мұз еріп кеткен. Ол бұл туралы бас дәрігерге хабарлап, бас дәрігер ішкі тексеру жұмыстарын жүргізген. Одан кейін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлап, бұзылып кеткен вакциналарды мөрлеп, қорапқа салып, оқшау жерге қойып қойған. Одан кейін Санитарлық-пидемиологиялық қызметке вакциналардың жарамсыз болып қалғаны туралы хабарланған. Бұл жағдайдан кейін біз тексеру жұмыстарын жүргіздік», - дейді Лаура Мырзағали.

Сондай-ақ, ол Алматы жер сілкінісі тұрғысынан қауіпті аумақта тұрғандықтан, барлық емханаларда генератор орнатылғанын, бірақ бұл жерде адами фактор орын алғанын айтты.

«Істен шығып қалған тоңазытқышқа қатысты аталған емхананың бас дәрігеріне қатаң сөгіс жариялау туралы ұсыныс айтылды», - дейді ол.