Марқұм Әсет Бейсеновтің ата-анасы Бас прокурордан Арон Атабекті босатпауды сұрады

Ulysmedia

Олар ақын, диссидентті ұлдарының өліміне себепші деп отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Informburo.kz-ның мәліметінше, 2006 жылы қайтыс болған полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің ата-анасы Қазақстанның Бас прокурорынан Арон Атабекті босатпауды сұрады. Әлеуметтік желілерде хаттың көшірмесі тарады. Хатта марқұм Әсет Бейсеновтің ата-анасы «Атабектің «саяси ұстанымы» оған деген көзқарасты өзгерте алмайды немесе оны адам өлтіруші ретінде ақтай алмайды» деп жазылған.

«Әділдікке деген сенімімізді жоғалтпаңыз. Жалғыз ұлымызды өлтірген адамның жазаланғанын біліп өмір сүрген жағдайда көңіліміз жай табады», - делінген хатта.

Informburo.kz қайтыс болған полицейдің туыстарымен байланысқа шықты, бірақ олар хатты өздері жазғанын растағанмен, түсініктеме беруден бас тартқан.

Еске салсақ, кеше Шаңырақ оқиғасынан кейін 15 жыл түрмеде отырған Арон Атабек денсаулығына байланысты түрмеден босап шықты. 

Арон Атабек — қазақстандық оппозиция жетекшісі, ақын, публицист, саяси белсенді. Шаңырақ ықшам ауданында «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, полицияны өлтірді, сондай-ақ тұтқында кепілгер ұстады» деген айыппен 2006 жылы қамалған болатын. Арон Атабектің полицейдің өліміне кінәсі дәлелденбеді. Соған қарамастан 2008 жылдың 5 қазанында Алматы қалалық соты Аронды 18 жылдық қатаң режимге соттады. Сот шешімі бойынша оны бостандығынан айыру уақыты 2006 жылдың 17 шілдесінде басталып, 2024 жылдың 16 шілдесіне дейінгі аралық есептелген.