Алматы облысының прокуратурасы Әлия Назарбаева мен Қайрат Сатыбалдыға тиесілі Жамбыл және Қарасай аудандарындағы жалпы көлемі 2000 гектар жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жалпы, Назарбаева мен Сатыбалды Алматы маңындағы 2 мың гектар жерінен айырылды.
2022 жылдың наурыз айында Қайрат Сатыбалды қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Антикоре тергеу барысында Сатыбалдының заңсыз жолмен тапқан 240 миллиард теңгеден астам ақшаны қайтарғанын хабарлады. Сонымен қатар, тергеушілер экс-президенттің туысының салық төлеуден жалтару, кедендік төлемдер мен ақшаны жылыстату әрекеттеріне қатысы бар-жоғын тексерді. Нәтижесінде сот Сатыбалдының мүлкін тәркілеп, алты жылға бас бостандығынан айырды және 10 жылға мемлекеттік қызметте және ұлттық компанияларда қызмет атқаруға тыйым салды.
Қайрат Сатыбалды келтірілген шығынды ішінара өтеп, кінәсін мойындап, тіпті өкінген.
Бұған дейін Алагөзовтың әрекеті бойынша Қайрат Сатыбалдыға қатысты жаңа қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған болатын.