×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Күдебаевтың ұсталуы: Бас прокуратура мән-жайды айтты

27.04.2023, 12:11
фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысының ұсталуына қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы С.М. Күдебаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталды.

Сот талқылауы кезінде С.М. Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды», – делінген хабарламада.

Еске салайық, Ulysmedia.kz Серік Күдебаевтың сот үкімі шықпай тұрып Қазақстаннан қашып кеткенін хабарлаған болатын. Тілшілеріміз экс-шенеуніктің 23-24 наурыз күндері Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Бішкекке арқылы Түркияға жол тартқанын анықтады. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

Жуырда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Күдебаевтың нақты қай жерден заңсыз өткенін анықтау үшін Шекара қызметінде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ, ол Күдебаевтың елден қашуына байланысты Қырғызстанда да қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Күдебаев «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» үшін айыпталған. Тергеушілердің мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде Күдебаев Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаменті ғимаратынан шығып кеткен. 

Күдебаевтың соты биылғы жылдың қаңтарында басталды.

28 ақпандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан күдікті Серік Күдебаевты тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпталушының ауруханаға түсіп қалуына байланысты сот отырысы алғаш рет 10 наурызда кейінге шегерілген болатын.

Үкім шығарылады деп жоспарланған 16 наурыздағы сот отырысы да өтпей қалды.  Жетісу облыстық сотының ресми өкілі 27 наурыздағы отырыс та кейінге шегерілгенін мәлімдеген.

Күдебаев 30 наурызға жоспарланған отырысқа да қатыспағандықтан, оны сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу туралы шешім қабылданған болатын.

Серіктес жаңалықтары