Тұрмыс шын мәнінде жақсарады – үкіметтің маңғыстаулықтарға уәдесі

Аян Өрібай

Үкіметтің бүгінгі отырысында Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Министрлердің баяндамасын қорытындылаған премьер-министр Асқар Мамин өңірдің кешенді жоспары облыстың дамуына жаңа серпін беретінін айтады. Кешенді жоспар іске асырылатын 5 жылда 2,1 трлн теңге сомасына 214 іс-шара орындалады.

«Аталған кезеңде өңір экономикасы 32 пайызға өседі. Жалпы таяу жылдары мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы және тағы да басқа салаларды дамыту - негізгі міндетке айналмақ. Әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылады. Қабылданған шаралар есебінен өңір тұрғындарының 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі”, – деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп көлемін 27 пайызға өсіруге жол ашады.

«Халықтың нақты табысын 40 пайызға ұлғайтуға яғни халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын шын мәнінде жақсартуға мүмкіндік береді. Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірге жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін, еңбек қатынастары мәселелерін шешуді ерекше бақылауға алсын, кәсіпорындарда еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайларында теңсіздікке жол бермесін. Осыған байланысты, кешенді жоспарды сапалы іске асыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Осы Кешенді жоспардың жобасын мақұлдаймыз», - деді ол.