Абай облысында 10 маусымда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Николаевич Архиповтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ мәліметінше, марқұмның денесі өртті сөндіру орнынан 50 шақырым жерде табылған. Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоқ екені хабарланды.
“Ер адамның денесі қызметтік иттің көмегімен табылды. Ол Абай облысы ПД-нің кинологиялық есебінің құрамында жұмыс барысында сигнал беріп, трактор табылған жерден орман жолағына дейін ер адамның жолымен жүрді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданатын болады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етілуге жатпайды”, – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Архиповқа іздеу жарияланғаны хабарланған еді.
Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.