Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев Жаңаөзен-Кендірлі тас жолында болған жол апатынан 10 адам, оның ішінде бес бала қаза тапқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Екі көліктің біреуінде сегіз адам болған.
«Егер ереже сақталып, жүргізуші мен жолаушылар қауіпсіздік белдігін тағып, балалар орындықтарын қолданса, көлікке небәрі 4 адам отыра алатын. Ал апат болған жағдайда бұл құрылғылар адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалар еді. Duster көлігінің жүргізушісіне қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін бір ай бұрын ескерту жасалып, айыппұл салынған», - деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, ДП басшысы жол-көлік оқиғасының ең көп тараған себебі көліктің қарсы бағытқа шығуы екенін де атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда жантүршігерлік апаттан екі отбасы қаза тапқаны хабарланған болатын.