Вице-премьер Ералы Тоғжанов Қордай ауданында болды

Ая Өміртай

Жамбыл облысына жұмыс сапарының екінші күні вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Қордай ауданында болды.

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің орынбасары биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ жанындағы вакциналар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылыс барысын тексерді. Гвардейск қалашығындағы зауытта жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығарылмақ. Ералы Тоғжанов ғалымдарға атқарған жұмыстары, соның ішінде коронавирус инфекциямен күреске қосқан елеулі үлесі үшін алғыc білдірді.

– Мемлекет басшысы отандық вакцинаны әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Қазақстандық вакцина біздің азаматтарымыздың денсаулығын қорғауға айтарлықтай көмектеседі деп сенемін, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, вице-премьер отандық және шетелдік мамандарға арналған 3 көпқабатты тұрғын үйдің, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Мұнда қазір ішкі және сыртқы әрлеу, шатырды орнату, инженерлік жүйелерді жүргізу жұмыстары қатар атқарылуда.

– Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Атап айтар болсақ, тұрғын үйлер, балалар ойын алаңшалары, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. 63 жыл ішінде институт қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі алғаш рет шешімін табуда. Еліміздің және облыс басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз! Жақында зауыт толық қуатымен жұмыс істей бастайды, – деді институттың бас директоры Күнсұлу Закария.


Бұдан соң Ералы Тоғжанов Отар ауылында салынып жатқан Мәдениет үйіне барды. Мердігер мекеме – «Байсын-А» ЖШС. Мұнда балалар түрлі үйірмелерге қатысып, кітапханаға да бара алады. Акт залы 180 көрерменге арналған.
Вице-премьер өткен жылдың желтоқсан айында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген Отар ауылындағы дене шынықтыру – сауықтыру кешенін де аралап көрді.

Айтка кетейік, жалпы былтыр аудан мен облыс орталығында 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған болатын. Ағымдағы жыл соңына дейін тағы да осындай 11 кешен ашу жоспарланған.

Премьер-Министрдің орынбасары Қордай ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.