Алматы әкімдігі тозып үлгермеген бордюрлерді неге ауыстыра береді

Ғалиасқар Думан

Ерболат Досаевтың Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде тұрғындардың бірі Алматы әкімінен қала көшелерінде орнатылғанына көп болмаған, еш бүлінбеген, жол жиегіндегі бордюрлер неге қайта ауыстырылып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Әкімнің сөзінше, бордюрлер жаяу жүретін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан олар жақсы жағдайда болуы керек.

«Қоғамның, азаматтардың арқасында жол жиегі мәселесін бақылауда ұстап отырмын. Өткен аптада жол жөндеумен айналысып жатқан компаниялармен кездестім. Олардың қалай жұмыс істейтінін қадағалап отырмыз. Бордюрлердің 3-5%-дан аспайтын бөлігі ғана ауыстырылады, қалғандары түзетіліп, орнына қайта қойылады», - деп түсіндірді Досаев.

Қала басшысының айтуынша, Алматы көшелерінде бордюрдің тек екі түрі орнатылған.

«Біріншісі - цемент-құмды жиектас. Оны әуелі престеп, кейін орнатады. Қыста жолдарды химиялық заттармен өңдейтінімізді ескерсек, олардың қызмет ету мерзімі бес жылдан аспайды. Екіншісі – 10 жылдан 15 жылға дейін қызмет ететін гранит. Әл-Фараби даңғылындағы бордюрдің 20-25 пайызын ауыстырамыз деп болжаған едік. Бірақ 3%-ын ғана ауыстырамыз деп шештік», - деді әкім.

Айта кетейік, бұдан бүрын Ерболат Досаев қаланың екі негізгі даңғылы неге қатар қазылып жатқанын түсіндірген.