×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

"Шыдамның да шегі бар": Тоқаев жылыту маусымы алдында шенеуніктерге ескерту жасады

09.08.2023, 11:54
Коллаж: Ulysmedia.kz

Президент Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекет басшысы Екібастұздағы жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

 «Бұл жұмыс бақылауымызда болады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды

Жуырда өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.

Сонымен қатар, жуырда Екібастұздың жылу желілеріндегі апатқа кінәлі екі шендінің ісі сотқа жіберілгені белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары