The Bell ақпарат көзінің жазуынша, бизнесмен бірінші рет Украинадағы соғысқа қарсы пікірін айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мен Ресейдің Украинаға қарсы варварлық жолмен басып кіргеніне түбегейлі қарсымын. Менің де, менің таныстарымның да ол елде достары мен туыстары көп. Украиналықтардың үйіне күн сайын бомба түсіп жатқанын сұмдық жайт деп қабылдаймын. 2014 жылдан бері Ресейде тұрмасам да, осы елдің әрекетінде менің да жауапкершілігім барын түсінемін», - дейді бизнесмен.
Волож сонымен бірге «көп себебі» болғандықтан соғыс жөнінде бұған дейін ештеңе айта алмағанын атап өтеді.
«Менің мәлімдемемнің шыққан уақытына дау айтуға болар. Мен соғысқа қарсымын», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Яндекс» компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Аркадий Волож жеке сайтында өзін «Қазақстанда туған» азамат ретінде көрсеткені хабарланған.