"Қашанғы ұзартуға болады?": әкімшілік полиция басшысы шетелдік көліктерді заңдастыру жайлы

Ғалиасқар Думан

Қазақстанға шетелдік автокөлікті 2022 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін әкелген жүргізушілер көлігін 2023 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін заңдастыруы қажет. Әйтпесе, азаматтар автокөлікті, соның ішінде кәдеге жарату алымын рәсімдеу үшін толық құнын төлеуге мәжбүр болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Shutterstock

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, жүргізушілер шетелдік көліктерді заңдастыру мерзімі тағы да ұзартылады деп үміттенбеуі керек. Оның пікірінше, мемлекет өз көлігін  жеңілдікті тарифтер бойынша 200 мың теңгеге заңдастырғысы келетіндер үшін жеткілікті мерзім берді.

"2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін қанша уақыт өтті? Бір жыл мүмкіндік берілді, заңдастырсаңыздаршы енді! Мәселе неде? Қашанғы ұзартуға болады? Біз қазір шамамен есептедік, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жүргізушілерге көліктерін заңдастыруға уақыт береміз. Заңдастырмаса, оларға қатысты заң бойынша шаралар қабылдауға тура келеді. Біз басқа не істей аламыз? Біздің барлық іс-әрекеттеріміз заң аясында болуы керек", - деді ведомство басшысы.

Сұлтанбаевтың айтуынша, шетелдік автокөлікті 2023 жылдан кейін әкелген және қазір оларды жүргізіп жүрген азаматтар заң бұзуда, өйткені сақтандыру бір жылға ғана жарамды.

Мерзімі өткен сақтандырумен жүретін жүргізушілер бірінші бұзушылық үшін 10 АЕК айыппұл төлейді. Екінші рет көлік тәркіленіп, айыппұл тұрағына қойылады.

"Бүгінде сақтандыру полисінсіз, техникалық бақылаусыз басқарған екі мыңнан астам көлік иелері анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте 1700-ге жуық көлік айыппұл тұрағына қойылған", - деді Қайсар Сұлтанбаев.