Астанада қоғамдық көлік жолақысы қашан қымбаттайтыны айтылды

Ғалиасқар Думан

Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов қоғамдық көлікте жүру ақысын көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Бұл мәселе келесі жылы қаралатын шығар. 90 теңге көлеміндегі жол жүру құны қалада 9 жыл бойы сақталып келеді. Осы жылдары жанар-жағармай, бөлшектер, жабдықтар қымбаттағанына қарамастан қоғамдық көлікте жол жүру құны өзгерген жоқ. Дегенмен әзірге бұл мәселені қарастырмаймыз», - деді Ерлан Қаналимов.

Депутат нарықтағы жағдайға байланысты келесі жылы жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Айта кетейік, бүгіннен бастап Алматыда автобус жолақысы өсті. «Оңай» картасымен немесе QR-код арқылы төлем жасағанда жол жүру ақысы 100 теңгені құрайтын болады. Қолма-қол төлемде жол жүру құны – 150-ден 200 теңгеге дейін көтерілді.

Сондай-ақ, жуырда Петропавлда қоғамдық көлікте жол жүрудің жаңа тарифтері бекітілді.