Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған тағы бір бала көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.
"Қарағанды ауруханаларында арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының балалары емделуді жалғастыруда. Алайда, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір науқасты құтқару мүмкін болмады. 28 тамызда көпсалалы қалалық балалар ауруханасында 2012 жылы туған бала қайтыс болды. Бастапқыда баланың жағдайы өте ауыр болды. Терапия тактикасы республикалық мамандармен үнемі талқыланып отырды. Өлімге жүрек жеткіліксіздігі себеп болды. Тағы бес бала реанимацияда жатыр. Олардың жағдайы тұрақты ауыр", – деп хабарлады ақ халаттылар.
Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны хабарланған. Уланған балалардың бірі бірден қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осы оқиғадан кейін елдегі 84 әлеуметтік мекеменің барлығы жіті тексерілетінін мәлім етті.
Сондай-ақ, Қарағандыда балалар уланған орталықтың 12 қызметкері жұмыстан шеттетілгені белгілі болды.
8 тамызда үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният балалардың улануына не себер болғанын айтты.