Ресейлік "ЛукОйл" және Forbes-тағы олигархтар: "ҚазақЭкспорт" бюджеттің миллиардтарын кімге бөліп отыр

Ғалиасқар Думан

Сауда және интеграция министрлігі неліктен Forbes олигархтары мен ресейлік ірі "ЛукОйл" мұнай компаниясы  "ҚазақЭкспорт" АҚ арқылы Қазақстан бюджетінен қаржылай қолдауға ие болып отырғанын түсіндіре алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Экспортқа бағдарланған олигархтар

Вице-министр Қайрат Төребаев "Қазақэкспорт" АҚ арқылы мемлекеттік көмек алатын компаниялардың арасында олигархтарға тиесілі компаниялар қайдан жүр деген сұраққа жауап беруге дайын болмай шықты. Мысалы, Сайдулла Қожабаев (Forbes-те 41) бақылайтын және Бахаридин Аблазимов (Forbes-те №31) мажоритарлы акционері болып табылатын "Кентау трансформатор зауыты" АҚ және басқалары.

Сондай-ақ, біз экспорттаушылар қандай қағидат бойынша таңдалатынын және "Қазақэкспортқа" қаражаттың мақсатты пайдаланылуы қалай тексерілетінін нақтылағымыз келді, алайда бұл сұрақтарды вице-министр жауапсыз қалдырды.

- Қолдау қандай да бір тұлғаларға немесе компаниялардың қандай да бір тобына бағытталмайды. Қайта өңделген өнімді экспортқа жіберетін кез келген компания қолдауды пайдалана алады. Сіз үлкен компаниялар тобына кіретін бөлікті атап өттіңіз. "Қазақэкспорттан" қолдау алған экспорттаушылардың 71%-дан астамы ШОБ тобына жатады.

- Біздің клиенттеріміз олигархтар емес, өз зауыттары бар және өз өнімі бар экспортқа бағдарланған компаниялар, олар қазақстандық деп танылған және сақтандыруда немесе кепілдендіруде қолдауды қажет етеді, - деп түсіндірді шенеунік.

Сондай-ақ, Төребаев экспорттаушыларды қолдауға жыл сайын бюджеттен 500 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

- Бізде сома жылдан жылға көшеді. Жалпы, бізде қолдауға "Қазақэкспорт" желісі бойынша шамамен 100 миллиард теңге бөлінеді және 400 миллиард теңгеге кепілдік беріледі.

Бұдан бөлек, біз "Қазақэкспорт"  неліктен "Лукойл Лубрикантс Орталық Азия" ЖШС-ті – "ЛУКОЙЛ" ресейлік ірі мұнай компанияларының бірінің еншілес кәсіпорнын қолдайтынын білгіміз келді, алайда вице-министр жағдайға түсініктеме бере алмады және бұл мәселемен баспасөз қызметіне хабарласуды ұсынды.

"KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ – экспорттық-кредиттік агенттіктің функцияларын жүзеге асыратын жалғыз мамандандырылған сақтандыру ұйымы. Басқаша айтқанда, компания қазақстандық экспорттаушыларды "сақтандырады".

KazakhExport-тың жалғыз акционері – "Бәйтерек "Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ, ол өз кезегінде толығымен ҚР үкіметіне тиесілі.