Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық төлеушілердің жеке сандық нөмірі немесе бизнес сандық нөмірі ешқандай құпия саналмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бүгін Сенат кулуарында шетелден қаржы алатын тұлғалар мен компаниялардың тізіліміне түсініктеме берді. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл құжатты «қазақстандықтардың жеке деректерін, соның ішінде ЖСН-ді ашық жариялады» деп сынаған еді. Дей тұрғанмен, жауапты органдар осы жолы шетелден қаржыландырылатын ұйымдар мен жеке тұлғалардың тізімін жариялап, ішіне жеке тұлғалардың жеке сандық нөмірін де көрсеткен. Полиция бірақ оларды “шешіндірмеді”.
«Біз бұл жерде ешқандай жеке тұлғалардың жеке деректерін жариялаған жоқпыз. Біз үшін салық төлеушілер жайлы ақпарат маңызды. Егер салық төлеуші кәсіпкерлікпен айналысса, ол заңды немесе жеке тұлға болсын, салық төлеуші ретінде тіркелсе, салық жөнінде есеп береді. Отызыншы бапқа сәйкес, салық төлеуші туралы мәлімет қандай да бір құпия саналмайды. Атауы, ЖСН және БСН салық құпиясы емес. Сондықтан, біз оларды жариялай аламыз. Біздің сайтқа кірсеңіздер, басқа салық төлеушілерге ыңғайлы болуы үшін ЖСН немесе БСН арқылы кейбір қызметтерді үлгі ретінде жасап қойдық. Олар келісімшарттарды жасаған кезде өз тәуекелдерін есептей алуы тиіс», - дейді ол.
Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті биыл 19 қыркүйекте шетелден қаржы немесе қандай да бір мүлік алатын азаматтар мен ұйымдардың тізімін жариялаған болатын. Тізімде түрлі салада жұмыс істейтін 240 ұйым мен азаматтың аты-жөні және БСН/ЖСН деректері көрсетілген.
Еске салайық, жуырда Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны жөнінде алдымен алыпқашпа әңгімелер тараған. Көп өтпей, полиция оның ұсталғанын растады.
Журналисті қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін, атап айтқанда, “адамның жеке немесе отбасылық құпиясы болып табылатын жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз таратқаны үшін (ҚР ҚК 147-бабы)” тергеу изоляторына орналастырғаны белгілі болды.
Келесі күні Дүйсенова полицейлер оны ұстап, жігерін құм қылу үшін тыр жалаңаш шешіндіргенін мәлімдеді. Полицейлер жеке тінту процедурасы қылмыстық тергеушінің қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен тергеушінің ҚІЖК талаптарына сәйкес жүргізілгенін айтты.
Дүйсенованың ұсталуы журналистерге тағы бір ескерту ме, әлде полицияның кезекті жүгенсіздігі ме – бұдан бұрын Ulysmedia.kz осы сұраққа жауап іздеп көрген.
Сондай-ақ бұдан бұрын істі болған журналист Сандуғаш Дүйсенованы қолдауға бағытталған петиция жарияланған,
15 тамызда Жетісу облысының прокуратурасы журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын мәлім етті.