Оңтүстік Кореяда қазақстандық азамат асқан қатігездікпен кісі өлтірді

Ulysmedia

Оңтүстік Кореяның Чхонджу қаласында қазақстандық азамат пышақ жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Tengrinews.kz-ның мәліметінше, төбелес салдарынан көз жұмған адамның денесін 12 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:51-де табылған. Ер адам мойын тұсынан пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған. Полицияға оқиғаға куә болған адам хабарласқан.

Оқиға орнында адам өлтірді деге күдікті ұсталды. Ол да Қазақстан азаматы болып шықты.

Оқиға туралы Оңтүстік Кореяда тұратын блогер Самат Ахметов та айтты.

«Екі немере аға төбелескен. Олар Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғындары. Ағайындылардың бірі душқа түсіп шыққан сәтте екіншісін ұрған және пышақпен 26 жерін жарақаттаған. Екеуі де ішімдік ішпеген күйде болған және психдиспансерде тіркеуде тұрған жоқ», - дейді Самат Ахметов.

Блогердің айтуынша, адам өлтірді деген күдікті алты күн бойы ешкіммен сөйлеспей отыр.

«Кеше онымен сөйлесуге бардым. Ол 17 минут бойы екі сөздің басын құрай алмады. Қазақстанға 14 қарашада қайтып оралуы керек болған. Ол аса ауыр қылмыс жасаған болып саналады, сондықтай жазасын Оңтүстік Корея аумағында өтеуі мүмкін», - дейді Самат Ахметов.

Самат Ахметов төрт жыл бойы Оңтүстік Кореяға Қазақстан мен ТМД елдерінен барған адамдарға құқық қорғау сұрақтары бойынша көмектесіп келеді және қайтыс болған адамдардың денесін елге жеткізуге көмектеседі.  

«Кеше көз жұмған адамның денесін алдым. Оның әкесі қазір осында. 21 қазан күні оны Шымкенттің әуежайына жеткіземіз», - дейді ол.