"Болашақпен" Израильде оқып жатқан дәрігерлер елге оралу үшін 300 долларға билет алған

Ғалиасқар Думан

Израильге тағылымдамадан өту үшін барған дәрігерлер Тель-Авивке аттанған Air Astana ұшағымен елге оралу үшін 300 доллар жолақы төлеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы “Болашақ” бағдарламасы бойынша Израильде білімін шыңдап жүрген қазақстандық дәрігер Үміт Желдібаева Qazaqstan телеарнасының “1001 түн” бағдарламасының эфирінде айтты.

Отандасымыздың айтуынша, ол 15 әріптесімен бірге Хайфа қаласына 3 айлық тағылымдамадан өтуге барған.

“Қалада өте үлкен үрей бар. Әуедегі ұшақтар, жедел жәрдем көлігі, полиция көлігі – барлығының дабыл жүйесі қосылған кезде бойыңды қорқыныш билейді. Сондықтан Қазақстан елшігінен көмек сұрадық. Олар бізді елге жеткізу үшін арнайы ұшақ жіберілетінін айтты. Әрқайсымыз 300 доллар көлемінде жолақысын төледік”, – дейді дәрігер.

Үміт Желдібаеваның айтуынша, Қазақстанға оралғысы келетіндер арнайы сауалнама толтырып, Израильге қандай мақсатпен барғаны, неліктен елге қайтқысы келетіні жайлы сұрақтарға жауап берген. Сол сауалнамадан кейін компания өкілдері Air Astana хабарласып, ұшақтан орын алу жолын түсіндірген.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда ХАМАС қозғалысы Израильге шабуыл жасап, әскери операция аясында Израиль қоныстарына қарай бес мың зымыран атылғанын, сонымен қатар бірнеше ондаған содырлар Газа секторына іргелес қалаларға енгенін мәлімдеді. Лаңкестік шабуылдың салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын қаза тауып, ондаған адам тұтқынға алынды. 

Осы оқиғаларға жауап ретінде Израиль "Темір қылыштар" әскери операциясын бастады және елде әскери жағдай жариялады. Израиль премьер-министрі Нетаньяху елді мекендерді шабуылдаушылардан тазартуға және резервшілерді жаппай жұмылдыруға нұсқау берді.

Бұған дейін ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қазір Израиль аумағында 400 қазақстандық болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Олардың 118-і елден кетуге ниет білдірген.

Тель Авивтен қазақстандықтарды алып қайтатын Air Astana ұшағы Астана уақытымен бүгін таңғы 08.00 кезінде Алматыдан ұшып кетті. Қазақстандықтарды мінгізіп, кері қайтатын рейс жергілікті уақытпен бүгін түнгі 23.45 шамасында Алматыға қонады.