20 рет өтініш берген: Қазақстанда жаңа партияларды тіркемеудің саяси астары бар ма

Аян Өрібай

Әділет министрі Азамат Есқараев жаңа партияларды тіркеудегі кедергілер жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері кейбір саяси қозғалыстар партия ретінде тіркелуге 20 рет өтініш бергенін атап өтті. “Олардың тіркеле алмауының саяси астары бар ма?” деп сұрады журналистер.

“Мұның ешқандай саяси астары жоқ. Әділет министрлігі саяси орган емес. Тек тіркеуші орган. Егер заң бойынша көзделген талаптарды орындайтын болса, бұрын тіркелген саяси партиялар сияқты біздің оны тіркемеуге ешқандай құқығымыз жоқ. Сондықтан, 20 рет болсын, қанша рет болсын – егер заңды сақтап тұрып, өтініш берсе, біз тіркеуге міндеттіміз”, – деп жауап берді министр.

Есқараев өтініш берушілер заңнама талаптарын сақтамайтынын айтты.

“Заңда нақты талаптар көрсетілген. Оны сақтау керек. Әр өтініште талаптар сақталмай жатады. Заң бір. Оның бәрін оқып, қарап, сақтап, өтініш беруге болады деп ойлаймын. Біз берген жауабымызда нақты қандай талаптар сақталмағанын көрсетеміз”, – деді ол.