Путинмен кездесу: Кремльдің көздегені не, Назарбаев не ойластырып жүр?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Екі күн бұрын әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде Ресей президентінің баспасөз қызметі таратқан жаңалық желдей ескен еді. Онда Путин сарайына келген Назарбаевты тағы да қабылдағаны айтылған.

Кездесу телефон камерасына емес, кәсіби камерамен түсірілгені көрініп-ақ тұр. Расында видеодан Назарбаев пен Путиннің кездесу сәтін жалпылама түсіргенін көруге болады. Дегенмен бір ғана кадрдың өзі бір мемлекеттің басшылығын ойлантып қойғанға ұқсайды. Мұны таратудың мақсаты да түсінікті сияқты: «міне, көрдіңдер ме, Путин Назарбаевты биліктен кетсе де құрметтейді» деген тұспал жатыр.

Басқа-басқа, бұл видеоға мән бермеуге әсте болмайды. Оны ресми Кремльдің өзі Ресейдегі жетекші ақпарат агенттіктері арқылы таратып отырғанының өзі көп нәрседен хабар береді. Мұны көріп отырғанда «бұл қалай?» деген сұрақ туатыны өз алдына, «ертең не болады?» деген қауіп те қылаң береді. Олардың көздегені де сол емес пе?!

Ол дәурен оралмайтыны анық

Мұндай достық рәуіштегі екеуара кездесу 2021 жылдың желтоқсанында да өткен. Ол кезде Назарбаев Путинмен Санкт-Петербургте ұйымдастырылған ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті алдында жолыққан. Ал келер жылдың қаңтарында Қазақстанда жаппай наразылық шаралары басталды.

Қалаларда алаңға жиналған жұртшылық бірінші президентті отыз жылдағы сәтсіз реформаларға кінәлі деп айыптап, елдегі кедейшілік пен жемқорлықтың бірден-бір себепкері ретінде күстаналаған және «Шал, кет!» деп ұрандатқан. Осы ұран сол қанды қаңтардың суық ызғарындай әлі күнге көпшіліктің құлағында шуылдап тұр.

Сол кезде, төрт жыл бұрын, Назарбаевқа ресми ешқандай айып тағылмаған, ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған. Алайда халық үнсіз қала алмаған, айыптаулар мен наразылығын қарша боратқан.

Бұл кезде Назарбаев үнсіз қалды. Заңдарды өзгертіп жатқанда да, елдің артта қалуына және олигополияның қалыптасуына кінәлі деп айыптап, жауапкершілікке тарту керек деп жатқанда да үндемеді. Ол тіпті қаңтар қырғыны кезінде халық алдына шыққан жоқ, саяси әрі моральдық тұрғыдан ешқандай жауапкершілік те алмады. Айтпақшы, Назарбаев Елбасы мәртебесіне қатысты арнайы заңды алып тастағанда да ләм-мим демеген.

Жеке кездесулер, жария тұспалдар

Елі қарғап-сілеп жатқанымен, Путин бұған аса мән бере қоймады, сыйластығымыз бәз баяғыдай деп отыр.

2022 жылдың жазында Назарбаевтың баспасөз қызметі «олар елдер арасындағы қарым-қатынастың орнағанына отыз жыл толуына орай құтты болсын айтып, бір-біріне зор денсаулық тілеп, достық байланыстың бұдан да тереңдей түсуіне тілектестік білдірді» деген еді.

Путиннің баспасөз хатшысының айтуынша, екеуара кездесу мұнымен тоқтап қалмаған, 2023-тің желтоқсанында да жолыққан. 2024 жылы Назарбаев Ново-Огарёводағы сарайға тағы барған. Ал 2025 жылы Мәскеуге сапар бұрынғыдан жиілеген. Алғашқысы мамыр айында өткен. Сол кезде Назарбаевтың баспасөз хатшысы мұны «саяси реңкі жоқ, достық сипаттағы жүздесу» деп астын сызып тұрып жеткізген еді.  

Есе қайтару немесе шыдамның шегі

Назарбаев неге Кремльге жүгіре береді, мұның не ойлағаны бар деген сұрақ толғандырмай қоймайды. Сондай кезде ойың – онға, санаң санға бөлінеді емес пе, тіпті «Назарбаевтың Путинді жағалап жүргені тегін емес, 2029 жылы билік транзиті болғанда, мемлекет басшылығына үлкен қызын әкелмекші, соған қолдау күтеді» деген болжам да айтылады.

Дариғa Нұрсұлтанқызының Қазақстанда абырой-беделі керемет болмаса да, Мәскеудегі байланыстары күшті. Оның үстіне Назарбаев кланының Мәскеуге мықтап орнығып алғанына да аз уақыт болған жоқ.

Бұл жолғы Путинмен кездесудің мәнін қалай түсіндірер екен? Мұндай кездесуден кейін элитааралық шиеленістер күшейетіні жасырын емес, оған қазіргі билік көз жұмып отыра алмайды. Оның үстіне ескі жүйе қайтып келмекші деген сыбыстың өзі Тоқаевты біраз батыл қадам жасауға итермелейтін сияқты. Тіпті халықтық референдум өткізіп, Ата заңға өзгерістер енгізуі де мүмкін.

«Ақсақалдан» абырой кеткені қашан

Назарбаев Қазақстанды 1991 жылдан 2019 жылға дейін басқарды. Биліктен өз еркімен кететінін айтып, орнына Қ.Тоқаевты қалдырды. Кейін оны Елбасы мәртебесінен, біртіндеп басқа да игіліктерінен айыра бастады.

Алайда осындай жасқа келгенде артында қалған еліне ақылын айтып, көрген, білгенін үйретіп отыруға да болар еді, бірақ оның ыңғайы келмеді. Көрші елге барған әр сапары халық үшін, әсіресе, қазіргі билік үшін селт еткізер жаңалыққа айналды. Бұл жайында Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ақталып, ақтарылып ештеңе айтпайды. Оған да билікті селт еткізу қажет болып тұрған сияқты.

Қаңтардан бері түбегейлі болмаса да, біраз дүние өзгерді. Реформалар жүріп жатыр. Тоқаев Назарбаев қалыптастырған суперпрезиденттік модельден бас тартты. Парламент рөлін күшейтуге ден қойып, билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруға ниеттеніп отыр.

Елдің болашағы демократиялық құндылықтарға негізделген реформалар жасап, саяси институттарды қалыптастыру мен жаңа тұлғаларды әкелуде екенін түсіну үшін айтулы саясаттанушы болудың қажеті жоқ. Назарбаев билеген отыз жылда Қазақстан көп уақыт, көп ресурсын жоғалтты. Халық енді Назарбаев кланының билікке қайта келуіне мүмкіндік бере қоймас.