Әскерде Асандар жоқ, Үсендер көп: шенеуніктердің ұлы неге Отан қорғауға бармайды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Тағы бір сарбаздың қазасы ақпарат кеңістігін дүр сілкіндірді. Айдың-күннің аманында, оқ атылмайтын бейбіт елде тағы бір сарбаз көз жұмды. Сонда еліміздің қарулы күштері іріп-шірігені ме? Запастағы полковник, Оңтүстік әскери округі әскерлері қолбасшысының бұрынғы орынбасары Манас Магулов Қазақстан әскері кедейшілік шегінде деп санайды. Оның айтуынша, казармаларда, полигондар мен әуежайларда болып жатқан төтенше жағдайлардың себебі – шенеуніктердің жауапсыздығы мен қабылданып жатқан заңдар. Кадр жайын жетік білетін маман өз көзқарасын Ulysmedia.kz-ке айтып берді.

Анықтама:

Манас Магулов 30 жыл бойы мотожаяу әскер, танк, инженерлік құрылыс және әуе-десант әскерлерінде қызмет еткен. КСРО тарағаннан кейін 10 жыл Ішкі әскерлер мен Республикалық гвардияда қызметте болған. Қызметін Оңтүстік әскери округі әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары ретінде аяқтаған.

Заң әскерден «құтқара ма»?

– Кез келген әскердегі қызмет әскерге шақырудан басталады. Ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» жаңа заңның осы тұсында үлкен бір саңылау пайда болды. Әскерге барғысы келмейтіндер үшін жағдай бұрынғыдан да жеңілдетілген. Министрлер мен облыс, аудан әкімдерінің басым көпшілігі 40-45 жастағы, кейбірі одан сәл үлкен азаматтар. Олардың 70-80 пайызы әскерде мүлде қызмет етпеген. Міне, осы артықшылықтарды олар өздеріне заң жүзінде бекітіп алды. Оларға әскердің керегі не, соғысқа басқа біреулер барар. Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабы олар үшін маңызды емес. Оның талаптарын басқа заңмен «жауып» тастайды. Мұны келісу кезінде Конституциялық сот қайда қарады?

Мұндай жағдай бұрын болмады деп айта алмаймын. Бірақ қазір әскерден қашудың мүмкіндігін ашық түрде заң деңгейіне көтеріп отыр. Мен өзім Оңтүстік әскери округі қолбасшысының орынбасары болған кезімде шақырылушылардың анкетасына «ата-анасының кәсібі» деген қосымша баған енгізгенмін.

Кедейлер құралған армия ма?

Екі жыл ішінде 40 мыңнан астам шақырылушыны сауалнамадан өткізгенде, аудан әкімінің орынбасарының баласы болған бір-ақ адам шықты. Басқа бірде-бір «бастықтың» баласы болған жоқ, бәрі жағдайы төмен отбасылардан. Біздің армия – халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен құралған. Жоғары лауазымды шенеуніктер мен кәсіпкерлердің ұлдары ол жақта жүрмейді. Сондықтан да әскерде тосын оқиғалар мен қаза табу жағдайлары көп: офицерлер мен келісімшарттағы сержанттар қарапайым солдаттың өлімі үшін олардан ешкім қатаң түрде сұрамайтынын біледі. Қаза тапқан сарбаздың анасы келіп, штабтың алдында еңіреп жыласа да, оларды түрмеге жаппайды, әрі кетсе қызметтен қуады. Ал егер ол министрдің, депутаттың немесе әкімнің баласы болса, сұрау мүлде басқа болар еді. Мәселенің түп-тамыры осында. Мемлекет басшысы Бас прокурорға армияда тәртіп орнату жөнінде тапсырма бергенде де осыны меңзеген.

«Салмақты» себептер

Ал біздің «қол жетпес» шенеуніктер заңның 35-бабына магистратура мен докторантурада оқу үшін әскерден кейінге қалдыру құқығын енгізіп жіберді. Мен бұл жаңалыққа үзілді-кесілді қарсымын: осылайша 30 жасқа дейін оқып, әскерге бару жасынан «секіріп» өтуге болады. ЖОО бітірген соң азамат міндетті түрде әскерде қызмет етуі керек, содан кейін ғана жоғары оқу орнынан кейінгі білімін жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ 16-бапты да қайта жазуды ұсынамын — әскерге шақырылушыларды есепке алу барлық жерде, соның ішінде шетелдегі елшіліктер мен консулдықтарда да жүргізілуі қажет. Бұған қоса, әскери қызмет өтемеген Қазақстан азаматтарын мемлекеттік қызметке қабылдамау туралы норма енгізуді ұсындым. Міне, «аспаннан түскендер» дәл осы шлагбаумнан қорқады. Мұндай талап Түркия, Қытай, Израиль және өзге елдерде әлдеқашан бар.

Статистикадан тыс қалғандар

Тағы бір маңызды мәселе – шақырылушылар. Бізде жыл сайын мыңдаған жас денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз деп танылады. Олардың бәрі – әскери борышын өтеуге ниетті Қазақстан азаматтары. Бірақ оларға бір жылға кейінге қалдыру беріліп, кейін жай ғана ұмыт қалады. Бүкіл Қазақстан бойынша ондай жүздеген мың адам бар, оларды ешкім емдемейді, облыстық және аудандық қорғаныс істері департаменттерінде тіпті статистикасы да жоқ. Сондықтан барлық аудандық, қалалық және облыстық медицина мекемелерін оларды есепке алып, емдеп, бір жылдан соң сапқа қосуға міндеттеу керек. Бұл біздің медицина қызметкерлерінің ең басты міндеті болуы тиіс. Қорғаныс істері департаменттерінің жұмысын да дабыралы есептермен емес, осы көрсеткіштер бойынша бағалау қажет.

Әскерге қатысы шамалы тарих

Биыл желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Жаңа мемлекет құрылған соң жаңа заңдар қажет болды. 70-80 пайызы бұрынғы КСРО құжаттарынан алынғаны жасырын емес және бұл қалыпты тәжірибе. Бірақ бұл барлық салаға бірдей қолданылмады. Қазақстанда КСРО тарағанға дейін өз Қорғаныс министрлігі болмағандықтан, 1992-1997 жылдары біз одақтық заңдарға сүйендік. Кейін «қол жетпейтіндер», «тиісуге болмайтындар» пайда болып, әскерде бейберекетсіздік басталды. Ол кездегі ел басшылығының өзі әскерде қызмет етпеген, әкесі соғысқа қатыспаған, туыстары да әскерге қатысы жоқ адам еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрмағамбетов пен Қасымов секілді беделді генералдар министр болған кезде олардың пікірі ескерілетін. Олар кеткен соң бәрі құрдымға кетті.

Жауапкершіліктің орнына «кураторлық»

Министрлікке құрылысшылар, шахтерлер, кинорежиссерлер келді. Әскерге «кураторлық» ұғымы енгізілді — ештеңеге жауап бермейтін, бірақ қомақты жалақы мен жоғары мәртебе иеленген адамдар пайда болды. Министр орынбасарлары әскери білімі жоқ тұлғалардан тұрды. Пеш жағушылар идеологияны, ветеринарлар жауынгерлік дайындықты, агрономдар техника мен қару-жарақты басқарды. Армия полиция, салық, прокуратура, өрт сөндіру қызметінің адамдарынп толып, таныстықпен жоғары лауазымдарға тағайындалды. 2010 жылға қарай әскерде кәсіби әскери мамандардың үлесі небәрі 38 пайыз ғана болды. Тәжірибелі офицерлер «құрметті демалысқа» шығарылды. Кейін қарулы күштердің ардагерлері мен олардың отбасыларының жеңілдіктері де қысқартылды. Сөйтіп армия қорғаныс институтынан ақша табатын құрылымға айналды.

Контекст

Қоғамды есеңгіреткен соңғы оқиға – Ұлттық ұланның 6506 әскери бөліміндегі жас сарбаздың қазасы. Шақырылғаннан кейін бір ай өткен соң Шымкентте Данияр Амалбеков қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, ол бөлімге келгеннен екі күннен кейін ауырып қалған, бірақ дәрігерлер диагноз қоймаған. Отбасы әскерге өз аяғымен аттанған ұлының табытын құшақтап, зар илеп қалды.