Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кезекті рет кездесті. Бұл жай оқиға сияқты көрінгенімен, қатысушылардың тізімі көптеген сұрақ туғызып, Ulysmedia.kz оларға жауап іздеп көрді.
Қатысушылар туралы сұрақтар
Ресми мәліметтерге сәйкес, шарада ұлттық экономиканы сапалы және тұрақты дамытудың өзекті мәселелері талқыланған. Атап айтқанда, қатысушылар макроэкономикалық саясат мәселелері, оның ішінде жаңа Салық кодексін әзірлеу және экономиканың нақты секторын қолжетімді несиелендіру мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды. Иә, әрине, бұл бізге қажет. Бірақ келесі ақпарат көптің көкейінде сұрақ туғызды. Экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру шеңберінде жүйелі цифрландыру, көлік-логистикалық саланы дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық іске асыру, экономиканы индустрияландыру, оның ішінде отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту жайттары айтылғаны орынды-ақ.
Кездесуден кейін кәсіпкерлердің Қ.Тоқаевпен бірге түскен суреті де жарияланды, Фотосуретке қарағанда, кездесуде «жүйелі цифрландырудың» көрнекті өкілдері, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетімен, отандық автомобиль өнеркәсібінің дамуымен айналысып жүргендер көрінбейді (Мүмкін, олар фотоға түскісі келмеген шығар. – ред.).
Өзіңді де таныт, басқаларды да тани түс
Осыдан бір апта бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, оған кәсіпкерлер де қатысқан, расында қазақстандық бизнестің өңкей «сен тұр, мен атайын» дейтін тұлғалары.
Бұдан бірнеше уақыт бұрын, нақтырақ айтсақ, 12 қыркүйекте Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездескен. Онда президент нақты міндеттер қойды, атап айтқанда, экономиканың өсімін 6-7 пайызға жеткізу туралы айтты. Жақында өткен отырыста, ресми дереккөздердің айтуынша, нақты міндеттер қойылмаған, сондықтан ол ақпараттық-бағалау сипатында болды.
Сіз кімсіз, қарындас?
Тоқаевпен түскен суреті жарияланғаннан кейін көпшіліктің көкейінде президенттің сол жағында тұрған ару кім, отандық бизнестің жарық жұлдызы Замира Кузиева президенттің қасында қайдан жүр деген сұрақ тұрды. Ол несімен танымал? Осы фотоға дейін ақпарат айдынында бұл кәсіпкер әйел туралы айтылмаған. Тек әкесі Зәкіржан Күзиевтің есімімен байланысты ақпараттарда ғана там-тұмдап мәліметтер кездесетін. Зәкіржан Күзиев еңбек жолын қарапайым ұсталықтан бастап, Жаркент крахмал зауытының директоры, одан кейін ҚХА-ның квотасы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, қазір заң шығарушы органның жоғары палатасында отыр.
Оның 1996 жылы Алматы қаласында туғаны белгілі. Соңғы қызметі – 2009 жылы құрылған «United Consolidating Center» ЖШС басқарушы директоры.
Серіктестік қызметінің негізгі бағыттары:
Пойыздар мен вагондарды коммерциялық тексерудің автоматтандырылған жүйесін орнату;
Жабық вагондарда жүктерді бекіту және бөлудің заманауи технологиясын енгізу.
Яғни, қызмет түрі, негізінен, Қазақстан Темір Жолымен (ҚТЖ) байланысты.
Бір қызығы, жақында оның әкесі (Зәкіржан Күзиев. – Ред.), депутаттық мәлімдемесінде ҚТЖ-ны монополияға қарсы заңнаманы бұзды деп айыптаған. Әлеуметтік желідегі дерекке сүйенсек, сенатордың жеті баласы бар. Басқа балаларының не тірлікпен айналысып жүргенін білмейміз, бірақ Замира Кузиева Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы Наташа Ростоваға ұқсап, өзін таныстыруды басқа емес, Ақордада залында бастаған секілді. Шамасы, «ескі Қазақстанның» балалары мен жиендерін алмастыру үшін олар басқа балаларды, қазіргі «Жаңа Қазақстан» ұранымен үндесетін басқа олигархтар мен шенеуніктерді таныстыру алаңына алып шыққан секілді. Бұл «жаңа буын» қай ісімен танымал болғандығы және билікке несімен тиімді екені, сондай-ақ олардың Қазақстан экономикасына қандай пайда әкелетіні әлі де түсініксіз.
Әкесінен айырмашылығы, Замираның өмірбаяны мен еңбек жолы ғаламтор бетінде де жоқтың қасы. Тек оның қытай жұлдыз жорамалына сәйкес, шошқа жылы туғаны және оның жұлдыз жорамал бойынша «Арыстан» екені көрсетілген. Мүмкін осының өзі оның «танымал» бизнес леди болуына және Президентпен бір үстел басына отыруына жетіп жатқан да шығар.
Яхтадағы би
Кездесуде назар аударған тағы бір адам – «Sulpak» сауда желісіне тиесілі «Arena S» ЖШС-нің құрылтайшысы Алмас Сұлтанғазин болды. Оқырмандарымыз оны пандемия кезінде Дариға Назарбаевамен бірге Жерорта теңізінің бір жерінде әдемі яхтадағы биі арқылы тануы тиіс. Алмас Сұлтанғазин 59 жаста, «Sulpak» және «Alser» сауда желілерінің басым акцияларына ие. Телекоммуникациялар мен IT жабдықтарын тарататын «ST Networks» ЖШС-да үлесі бар. Hero Study KZ және Sulpak Cinema компанияларында да акциялары бар. Соңғысы – Warner Bros, Universal және Paramount Pictures халықаралық компанияларының қазақстандық өкілі. Сонымен қатар, ол қоғамдық жұмыстармен де айналысады: Республикалық физика-математикалық мектебінің қамқоршылық кеңесінің, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің және Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бақылау кеңестеріне мүше. Бұған дейін халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) әлемнің түкпір-түкпіріндегі оффшор иелерінің тізімін жариялаған, оның ішінде 64 қазақстандық бар. Оффшор иелерінің бұл тізімінде 3-ші орында Алмас Сұлтанғазин тұр.
Көпшілік үшін беймәлім тұлға
Кездесуге Ресейдің Черкесск қаласының тумасы, Magnum Cash & Carry сауда желісінің басқарма төрағасы, 36 жастағы Азамат Османов та қатысты. Басқарма төрағасы, Magnum Cash&Carry бас директоры (09.2018 жылдан бастап) Азамат Османов та Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Іскерлік кеңестің мүшесі, сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстандағы бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплинг федерациясының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі болғанымен, көпшілік үшін беймәлім тұлға.
Жалпы, Магнуммен байланысты түсініксіз жайттар бар. Аталған желінің негізін қалаушы Александр Гарбер алғаш уақытта неміс кәсіпкері ретінде көрсетілген. 2019 жылдың соңында Александр Гарбер (Forbes Kazakhstan рейтингінде 40-шы орында тұр) құрылтайшылар қатарынан шыққан. Акцияны сатып алушы - бұрын Вячеслав Кимнің меншігіндегі (Forbes Kazakhstan журналындағы ең бай бизнесмендер рейтингінде №2) «Caspian Trading Investment Co.Ltd» ЖШС-нің еншілес кәсіпорны. Қазір «Caspian Trading Investment Co. Ltd» еншілес компаниясы Данияр Арынғазиев пен Александр Роденковтың атына тіркелген.
Магнумның басым акциялары бір кездері Нұртай Әбіқаевқа да, Болат Назарбаевқа да тиесілі болған. Ulysmedia.kz хабарлағандай, Kaspi Bank-тің тең иесі Вячеслав Ким Қайрат Сатыбалдыдан Kaspi Bank-тің үлесін сатып алу үшін Magnum Cash & Carry-дегі 35 пайыздық үлесін сатуға мәжбүр болған. Сондай-ақ олар Кимнің Magnum Cash & Carry-дегі үлесін Болат Назарбаевтың ұлы Нұрболға сатқанын айтты.
Магнумға кімдердің иелік еткенін немесе оны кімдердің басқарғанын ұмытпаған Азамат Османов үлкен саясатқа бармауды шешкен сияқты және оның үлкен саясатпен айналыса қоятындай саяси білімі де жоқ.
Кездесудің келесі қатысушысы - жоғарыда аталған Александр Гарбер. Ол Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкерінің тізімінде, Қазақстан мен Қырғызстандағы тұтыну тауарларын таратумен айналысатын ірі компаниялардың бірі «Prima Distribution» ЖШС-нің басым акцияна иелік етеді. Сондай-ақ оның жеке жылжымайтын мүлкін басқаратын «Prima-Ice Cream» ЖШС, «Best Start» ЖШС және «REA» ЖШС-де акциялары бар. Гарбердің өмірбаянында оның «Караван» газетінің коммерциялық бөлімінде жоба жетекшісі болғаны (1987-1991), дәл сол жылдары әйгілі медиа-кәсіпкер Игорь Мельцер оны басқарғандығы туралы мәлімет бар. Ол Гарбердің коммерциялық табысының артуына, отандық мультимиллионерлер тізіміне кіруіне себепкер болған сияқты. Александр Гарбер «Ассам», «Симба», «Наурыз», «Индира», «Тенгри» брендтерімен өнім шығаратын «Tea House» серіктестігі арқылы да жергілікті өндірісті дамытуда.
27-ші нөмір
Ақордада өткен қабылдауда Forbes-Kazakhstan тізімінде 27-ші орында тұрған Данияр Әбілғазин де көзге түсті. Ол мұнай өнімдерін импорттайтын «Петросун» ЖШС, «Автогаз Трейд» ЖШС (жанармай құю станциялары желісі), «Sinooil» ЖШС (SinoOil жанармай құю станциялары желісі), «Прайм Кейс» ЖШС («ҚазМұнайГаз» жанармай құю станциялары желісі), сондай-ақ «Меркурий Сервис Компани» ЖШС, «Петролеум» ЖШС, «Apple World» ЖШС және т.б. акцияларына ие. Оның отбасына Алматыдағы Viled Group, Saks Fifth Avenue және Code de Vie парфюмерия-косметикалық дүкендер желісінің акциялары тиесілі. ADD Invest Properties компаниясы арқылы Тимур (рейтингте №1) және Динара Құлыбаевтармен бірге елордадағы «Керуен сити Астана» сауда орталығын, «Керуен» сауда орталығын, «Талан Тауэрс» сауда орталығын және «Тұран 18» бизнес орталығын басқарады. Атырау қаласындағы «Байзаар» сауда орталығы және Ақтөбе қаласындағы «Керуен» сауда орталығы да бар. Бір айта кетерлігі, Данияр Әбілғазин өзінің еңбек жолын Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) бастаған, кейін Ф.Дзержинский атындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген (1991), одан кейін Алматыдағы «Политехті» тәмамдаған. Оның еңбек жолында мемлекеттік қызметтегі лауазымдар да бар, мысалы, Қаржы министрінің орынбасары және квазимемлекеттік компаниялардағы жұмыс – «Қазақойл» ҰОК вице-президенті, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры, NGRK Tau-Ken Samruk АҚ және NGK KazGeology АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Жоғарыдағы қызметтік тізімге қарағанда, Данияр Рүстемұлы мемлекет жұмысы мен бизнесті қалай ұштастыра алғаны таң қалдырады.
Сондай-ақ Әбілғазин осы уақытқа дейін Тимур Құлыбаев басқарған KAZENERGY қазақстандық мұнай-газ және энергетикалық кешен қауымдастығы төрағасының кеңесшісі болған. Бір кездері Данияр Рүстемұлы Қазақстан Республикасының экс-президенті Н.Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқарып отырған ҚР ҰОК-ның бас хатшысы болған.
Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының президенті, Алмас Сұлтанғазинмен бірге бұрынғы көптеген атақты қайраткерлер шыққан мектеп «РФММ» КЕАҚ және «Физмат» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Бұл мектепте кезінде қазақстандық биліктің жоғары эшелонында болған Кәрім Мәсімов, Ерболат Досаев және т.б. білім алған.
mygorod.kz жазғандай, Әбілғазиндер бизнес империясының заңды «иесі» ретінде оның әйелі Айдана Сүлейменованың есімі аталады (Айтпақшы, оның әйелі – Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі Т.Сүлейменовтың қызы).
Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің Есеп комитеті Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Данияр Әбілғазиннің басқаруындағы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары мен Ұлттық Олимпиада комитетінде тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексерудегі бірінші себеп – бизнестегі көлеңкелі схемалар және жылдан-жылға қайталанатын жасанды жанармай тапшылығына байланысты жалпы түсініксіз жағдай, ал екінші себеп – Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасындағы сәтсіздігі. Анықталған фактілер Мемлекет басшысына ұсынылғанымен, Есеп комитеті екі жағдай бойынша да есептерді жарияламады. Соған қарағанда Қазақстанда қосалқы құрамның қатары тым сиреп қалған немесе Әбілғазин мырза әлі ықпалын жоғалтпаған.
Өткен ақпан айында Ulysmedia.kz сайты да Алматы прокуратурасы жүргізген сотқа дейінгі тергеу туралы айтқан.
Қадағалау органы бұған дейін оңтүстік өңірдегі сұйытылған мұнай газы нарығында басым (76,9% үлес) болып табылатын «Петросун» ЖШС қызметіне аудит жүргізілгенін еске салды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, олигарх Данияр Әбілғазиннің осы компанияда өз үлесі бар.
Доңғалақтың дүрсілі
Акорда қабылдауына шақырылған тағы бір адам - Сергей Павлингер. Ол Қазақстандағы теміржол доңғалақтарын шығаратын жалғыз кәсіпорын – «Проммашкомплект» ЖШС-нің директоры және иесі. Бір қызығы, зауыт қазір ұмыт болып бара жатқан Үдемелі индустриалық-инновациялық даму (ҮИИД) мемлекеттік бағдарламасы аясында Екібастұз қаласында 2018 жылы пайдалануға берілген.
Павлингер де қоғамға етене таныс емес тұлғалар қатарында, ол туралы деректер аз, дегенмен осыдан 10 жыл бұрын The Moscow Post ол туралы нетатив ақпарат жариялаған. Ресейлік «Трансмашхолдинг» Сергей Павлингерден қазақстандық ірі темір жол бөлшектері мен дөңгелектерін өндіруші «Проммашкомплек» компаниясының 50 пайыз акциясын сатып алған. Ал сарапшылар бұл мәмілені сатып алушылар үшін тиімді және келешегі зор деп атаса, соңғысы үшін бұл өте нақты шығын, бизнесмен Павлингерге деген сенім толығымен таусылғанға ұқсайды, деп жазды газет.
– Қазір қазақстандық кәсіпкердің бірнеше миллиард долларлық сот істері мен банкроттық істері бар. Сондықтан ол тәркілеуге үлгермеген активтердің соңғы қалдықтарын сатып үлгергісі келеді, деп атап өтті БАҚ. Мүмкін содан бері көп нәрсе өзгерді және Павлингер жоғары аудиенцияда болғаннан кейін ол қайта көтерілуі мүмкін.
Мәскеу басылымының хабарлауынша, Қазақстанда оның иелігінде «Проммашкомплект» ЖШС машина жасау кәсіпорны, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «ҚазТемірТранс» АҚ, «Қамқор Вагон» ЖШС, «Қамқор Локомотив» ЖШС, Қазақстандық вагон өндіруші компания және т.б. бар.
Жария кешкі ас
Тоқаев аудиенциясында болу жауап тапқаннан гөрі сұрақтарды көбейтіп жіберді. Бұл, ең алдымен, қонақтардың тізіміне қатысты. Әдетте мұндай кездесулердің тізімін президент әкімшілігі дайындайды және оны тікелей оның басшысы бекітеді. Матрикуланы (тізімдегілер жайлы ақпарат. – Ред.) кейін мемлекет басшысы қарап, келісім береді. Кездесуге үміткерлер қандай негізде таңдалғаны бізге әлі белгісіз. Бірақ бұл жолы қонақтар құрамы түбегейлі жаңарғанына дау жоқ. Бәлкім,президенттің бұл адамдарға қатысты өзінің ауқымды жоспарлары бар шығар. Бәлкім іскерлік ортада қандай да бір өзгерістер бар ма, бұл туралы біз жақын арада білерміз.
Бір қызық жайт: Тоқаевпен кездесуге шақырылғандардың арасында ҚТЖ-мен қандай да бір түрде байланысы бар адамдар болды. Ал осыдан бірнеше күн бұрын Қытайға жаңа темір жол салу бойынша ауқымды жобаның басталғаны хабарланды. Жоба жеке инвестордың қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттары бойынша жүзеге асады. Құрылыс барысында 11 станса, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылысы салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың дана шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда. Құрылысқа пайдаланатын материалдың 85 пайызы жергілікті өнім екені де айтылды. Жұмыс көлемі мен қанша мердігер мен қосалқы мердігер тартылатынын елестете аласыз ба?! 1 шақырым темір жол құрылысының құны әртүрлі факторларға байланысты: табиғи-климаттық жағдайлар; аумақтың топографиясы; геофизикалық жағдайлар және т.б.. Орташа алғанда бір шақырым жолдың құрылысына 5 миллион доллар жұмсалуы мүмкін.
– «Жеке кәсіпкерлік бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Бізге, ең алдымен, мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты мүлде жаңа негізде құру қажет», - деді Тоқаев.
Тоқаев атап өткендей, біздің жағдайда конспирология жақсы көмекші емес және осы кездесуден кейін, оның қорытындысы бойынша «барлық ұсыныс жинақталып, олардың негізінде ел экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған нақты шаралар қабылданады деп сенейік. Ал қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында бұл бұрынғыдан да өзекті.