Су тасқынының құны қанша: Алдын алу шараларына қанша «жұмсалды»

Ulysmedia

Бейбіт күнде елімізде қанша отбасы, қаншама адам баспанасыз қалды. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда төтенше жағдай қызметкерлері мен әскерилер ұйқысыз, демалыссыз жұмыс істеуде. Қарапайым қазақстандықтар да қалыс қалмай, отандастарына қолдағы барын беріп, көмектесіп жатыр.

Қазіргідей жағдайда қазақстандықтарға су тасқынына қарсы шараларға қанша қаражат бөлінгені қызық емес, олар тіпті су тасқынының алдын алу жұмыстарына жыл сайын үкіметтен бөлініп келген ақшаның қайда кеткенін де сұрап жатқан жоқ. Ал ол аз сома емес. Ulysmedia.kz тілшісі мұның бәрін анықтауға тырысты. 

Фото: Ulysmedia.kz

Бәрі бақылауда ма

Биыл 9 қаңтарда су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған Үкімет отырысында сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жағдай бақылауда екенін сенімді түрде айтты. 

– Өткен тәжірибені ескере отырып және су тасқыны жағдайының ықтимал төтенше жағдайларына жедел ден қою мақсатында 39 мыңнан астам адам, 500-ден астам су көлігі және 3 мыңнан астам мотопомпа, 11 мыңға жуық техника бірлігі бар мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды», - деді ол Үкімет алдында сөйлеген сөзінде. 

Ал 14 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы басшысының м.а. Алтай Мырзабаев биыл республика бойынша су тасқынының алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар 7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлгенін айтты. 

Спикердің айтуынша, 2024 жылғы 1 наурыздағы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепте төтенше жағдайларда жұмыстарды ұйымдастыруға 66 млрд теңге бөлінген, оның ішінде әкімдіктер осы уақытқа дейін 3,1 млрд теңгеге жуық қаржыны игерген.

– Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жыл бойы жүргізіледі, - деді Мырзабаев.

– 2023 жылы су тасқынына қарсы 800-ден астам іс-шара жүзеге асырылды. Сондай-ақ 22 қаңтардан бастап су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы өтуде. Жыл басынан бері елдімекендердің айналасына уақытша бөгеттер салынып, каналдар мен суару арықтары тазартылды. 

Сондай-ақ ол әкімдіктер жыл басынан бері 15 миллион текше метрден астам қар шығарғанын айтты. Бірақ оны қай жерге төккені айтылмады. Дәл осы фактор бүгінгі трагедияда шешуші рөл атқаруы да мүмкін. 

Төтенше жағдайлар министрлігіне 264 млрд теңге бөлінген бе?

Неліктен екенін анықтауға тырысайық. Төтенше жағдайлар министрлігі 9 қаңтарда өткен сол жиында әкімдіктерге қар тазалауды қамтамасыз етуді, қызмет көрсетуші компанияларды дер кезінде анықтауды және жарылыс жұмыстары жүргізілетін орындарды нақтылауды тапсырды. Сонымен қатар, әкімдіктерге елдімекендерді аралау, арық желілерін, нөсерлі кәріз жүйелері мен автомобиль және темір жол астындағы су өткізгіш құбырларды тазарту және басқа да су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты.

Әрине, қағаз жүзінде бұл ұсыныстардың барлығы орындалды. Бірақ шын мәнінде қалай? Қазіргі жағдайға қарағанда, екіталай секілді. Қардың елдімекендерден тысқары жерлерге тасымалдануы әбден мүмкін, бірақ өзен арналарына емес, далалық жерлерге. Күн жылынғанда ол еріп, ағып келіп жатыр қайтадан. 

Бұл бюджеттің ұтымды пайдаланбағанын білдіреді. Әйтпесе, оған бөлінген іс-шаралар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, шығынды азайтар еді.

Енді дәл осы бюджетке көшейік. Жергiлiктi атқарушы органдардың су тасқынына қарсы шараларға бөлiп отырған сол 7 миллиард теңгесi, шын мәнiнде, мұхиттың тамшысындай ғана емес пе? Олардан бөлек, «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, жыл сайын Төтенше жағдайлар министрлігінің өзіне де қыруар қаржы бөлінеді. Және бұл қаражат, басқалармен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алуға жұмсалуы керек. 

Мәселен, 2019-2023 жылдар аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің бюджеттік шығыстары 4 есеге жуық – 73 миллиард теңгеден 264 миллиард теңгеге дейін өсті. Оның үстіне соңғы бес жылда республикалық бюджеттен 762 миллиард теңгеден астам немесе 1,7 миллиард доллар бөлінді. Көрсетілген шығыстар бойынша бұл сома білім және денсаулық сақтау салаларына бөлінген сомадан кейінгі ең қомақтыларының бірі. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік сертификаттарына сәйкес, қаражаттың бір бөлігі арнайы техника – әртүрлі кластағы және үлгідегі тікұшақтар (Ми-8, N145, AW-139), бұдан бөлек, жол талғамайтын құтқару машиналары, қарда жүретін көліктер, құтқару қайықтары, сондай-ақ әртүрлі жүк көліктері және т.б. сатып алуға жұмсалды. Қаражаттың тағы бір бөлігі Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің арнасын тазалауға, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Ақжайық аудандарында, сондай-ақ Атырау облысы Махамбет ауданындағы ауылдарда Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына бөлінді. 

Неліктен су тасқынымен күресуге бюджеттен бөлінген қаражат дәл осы су тасқынының алдын алмайды деген риторикалық сұраққа жауап берудің қажеті бар ма, жоқ па?

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметі су тасқынына қарсы тұрудан әлдеқайда кең екені даусыз және кез келген апат кезінде жедел әрекет ету осы ведомствоға жүктеледі. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлері заманауи технологияға, инфрақұрылымға және басқа да қажетті құралдарға қол жеткізуі керек. Бұл қауіптерге тез жауап беруге және адамдарды құтқаруға мүмкіндік береді. Бірақ бюджеттен бөлінген қаржы қаншалықты мақсатты жұмсалуда?

Үнемдеу үнемді болуы керек...

Бұл жерде не деуге болады? Біздің елде дарақы жомарттықтан, сарабдал сараңдық артық деген сөзді түсінбейтіндер үкіметте лауазымды орындарды иеленіп отыр. Қаражатты қалай тиімді жұмсауды білмейді, керек емес шығындарға қыруар қаражат жұмсай салады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауқымды апаттың салдарын жою үшін қаржы ресурстарын үнемдеу және елдегі бұрын-соңды болмаған су тасқыны жағдайына байланысты қазақстандықтарға көмек көрсету туралы тапсырмасынан кейін ҚР Қаржы министрлігі ағымдағы жылға арналған республикалық бюджеттегі инфрақұрылымдық жобалардың ақшасын азайтып, Төтенше жағдай резервінің қаржысын 7 млрд.теңгеден 59,3 млрд.теңгеге дейін көбейтті.  

Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзететін қаулы жобасын жариялады. Құжат «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланды. Оны талқылау 22 сәуірге дейін жалғасады.

Айтылған ақпаратқа сенсек, бюджетке түзетулер 2024 жылы бюджеттік инвестицияларды 2,286 триллион теңгеден 2,281 трлн теңгеге дейін қысқартып, нәтижесінде 5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Құжатта айтылғандай, осымен қатар министрлік биылғы жылы дамуға берілетін нысаналы трансферттерді 161 миллиард теңгеден 155 миллиард теңгеге дейін қысқарту туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, отын-энергетика кешені мен жер қойнауын пайдалану шығындары 32,6 млрд теңгеден 31,3 млрд теңгеге дейін азаяды. Ведомство сонымен қатар елдің газ тасымалдау жүйесін дамытуға аз қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Министрлік Алматы, Түркістан облыстары мен Астананың бюджетін қысқартты.

Ауыл, су, орман, балық шаруашылығына бюджет шығыстары 14,8 миллиард теңгеден 13,8 миллиард теңгеге дейін қысқарды.

Маңғыстау облысындағы қоршаған ортаны қорғау объектілерін салу мен жаңғыртуға, сондай-ақ Алматы облысындағы су ресурстарын тиімді басқаруға бөлінетін қаражат көлемі де азаяды. 

Көлік және байланыс шығындары да өзгерістерге ұшырады. Олар 37,3 млрд теңгеден 34,3 млрд теңгеге дейін азайды. Үнемдеу аясында министрлік республикалық бюджеттен Абай және Павлодар облыстарындағы жол жөндеуге жұмсалатын шығындарды қысқартады. Шымкентте осы жұмыстар мүлде тоқталыды. Есесіне қазына есебіне 2 триллион теңге үнемделеді. Оның орнына Қаржы министрлігі Ұлттық қордан Павлодар облысы мен Шымкентке көбірек қаражат жіберсе, Абай облысына бөлінетін қаражат азайып қалайын деп тұр. 

2024-2026 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды облыстық бюджеттерге кредиттеу құны төмендейді. Абай облысы, Түркістан және Ақтөбе облыстарына, керісінше, ұлғайтылды. Ақмола облысы 5-тен 3 млрд теңгеге дейін қысқартылды; Ақтөбе облысы – 3-тен 5,5 млрд теңгеге дейін; Алматы облысы – 7-ден 5 млрд теңгеге дейін; Қостанай облысы – 7-ден 5 млрд теңгеге дейін; Абай облысы – 6 млрд теңгеден 11 млрд теңгеге дейін; Павлодар облысы – 5-тен 4 млрд теңгеге дейін; ОҚО – 8-ден 6 млрд теңгеге дейін; Түркістан облысы – 8,5-тен 10 млрд теңгеге дейін өзгереді. 

Мемлекеттік тапсырмалар тізімінде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге жұмсалатын шығындар Ұлттық қордан 96 миллиард теңгеден 70 миллиард теңгеге дейінгі трансферт есебінен қысқартылды.

Бизнес көмегі

Бірақ бизнес пен квазимемлекеттік сектор, керісінше, елдегі табиғи апат салдарынан шығындалуға мәжбүр. Олардың күшімен су тасқынынан зардап шеккендерге шамамен 156,442 млрд теңге аударылды.

Әдеттегідей, қазақстандық олигархтар ел Президентінің үндеуінен кейін ғана қозғалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ешкімнің атын атамай-ақ, тек Forbes тізіміне енген ірі кәсіпкерлеріміз бар екенін, қиын жағдайда солар да көмек қолын созуы керек екенін емеурінмен атап өтті. 

– Олармен жеке әңгіме бар. Олар әр облысқа, ауданға, ауылға бекітіледі. Бұл олар үшін пайдалы болмақ. Өйткені, олар салған инвестициясының нәтижесін көреді. Халқына қол ұшын созып жүрген қайырымды жандар ретінде есімдеріңіз де мемлекет назарынан тыс қалмайды деп ойлаймын.

Тоқаевтың мәлімдемесінен бір күн өткен соң, олигархтар су тасқынына қарсы шараларға қомақты қаражат бере бастады. 

Қазіргі уақытта ең көп қаражат Владимир Кимге тиесілі компаниялар – Қазақмыс, KAZ Minerals, AltynAlmas, Қаражыра және RBK Bank-тен бөлінген. Бұл қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіруге және әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салуға жұмсалады. Бұған дейін «KAZ Minerals» пен «Қазақмыс» компаниялары зардап шеккен аудандардағы тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, ең қажетті тауарларды сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге 800 миллион теңге бөлген. Сондай-ақ өткен аптада Вячеслав Ким Ақмола облысында бес қабатты тұрғын үй құрылысының жобасын қаржыландырып, зардап шеккен елдімекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаражат бөлді.

Кәсіпкер Тимур Құлыбаев 30 млрд теңге жіберді. Қаражат тұрғын үйлерді қалпына келтіру мен салуға, инфрақұрылымды қалпына келтіруге, сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарды қолдауға бағытталады. Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі «Халық банкі» мен «Халық» қайырымдылық қоры су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсету үшін өз қаражатынан 1 миллиард теңге бөлді.

1 сәуірде кәсіпкер Болат Өтемұратовтың қоры су тасқынының зардаптарымен күресу және табиғи апаттан зардап шеккендердің бірінші кезектегі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 680 миллион теңге бөлді. 18 сәуірде Өтемұратов қоры Ақтөбе облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына 10 миллиард теңге бөлетінін хабарлады. Қаражат өмірлік маңызды инфрақұрылымды қалпына келтіруге, баспанасыз қалған адамдар үшін үй сатып алуға және салуға жұмсалады.

Су тасқынының алғашқы күндерінде BI Group өңірлердің шұғыл қажеттіліктеріне 500 миллион теңге аударды, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарды құрылыс және арнайы техникамен, адам ресурстарымен қамтамасыз етті. Содан кейін BI Group зардап шеккен аймақтардағы баспананы қалпына келтіруге 5 миллиард теңге көмек жіберді.

Кәсіпкер Кеңес Рақышев пен «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 1,2 миллиард теңге жіберді. Қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ, 9 млн.теңгені Шоқана Уәлиханова атындағы жекеменшік мектептің (құрылтайшылары Рақышев пен Тасмағамбетова ) оқушылары  қайырымдылық жәрмеңкесінен жинап берді. 

Kaspi.kz сайтының құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 20 миллиард теңге аударылғанын хабарлады. Бұл қаржы Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, сатып алуға және салуға жұмсалады.

Көп түкірсе, көл...

«Қазақстан халқы» қоры 10 млрд теңге бөлді. Бұл қаражатқа 430 үй салынады. Активтерді қайтару комитеті көмек қорына 2,2 млрд.теңге аударады. Бұл қаражат Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бөлінді, ол елдегі су тасқынының зардаптарын жоюға бағытталған.

«Самұрық-Қазына» қоры су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 15 млрд теңге бөлді. Көмекті қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз» (3 млрд теңге), «Қазатомөнеркәсіп» (3 млрд теңге), «Қазақстан темір жолы», QazaqGaz (1 млрд теңге), KEGOC, «Қазақтелеком» (1 млрд теңге), «Эйр Астана» (1 млрд теңге) және Самұрық-Энерго көрсетті.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 1 сәуірде банктер су тасқынынан зардап шеккен жеке тұлғаларға 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін несие төлеу мерзімін шегеретінін хабарлады. Сондай-ақ, бұл кезеңде айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді. Банктер су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметінің бұзылуына байланысты жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне несиелік міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыруды қамтамасыз етеді. 

Сондай-ақ, үкіметтің мәліметінше, кәсіпкерлік субъектілері жалпы көлемі 635 мың тоннаны құрайтын аса маңызды азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойды. Тұрақтандыру қорынан 767 тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік тауарлары сатылды. Су тасқынынан зардап шеккен 10 өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Азаматтардың өтініштері бойынша «сенім телефондары» қосылып, қоғамдық бақылау пункттері ашылды.

P.S. Қазақстан қоғамының осындай қиын жағдайда қол ұшын созуы жүрекке жылу беріп, алдағы күнге сенім ұялатады. Алайда осы апаттың бәрі жұмыстар дер уақытында жасалғанда болмас еді-ау деген өкініш қуыс кеудеде қала береді.