Қарарлар мен наразылықтар: әлем Израиль мен Палестинаны татуластыра ала ма

Ulysmedia

Израильдің Хамаспен соғысы сегізінші айға ұласуда. Осы уақыт ішінде 30 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Газа аймағының тас-талқаны шықты. Нетаньяху израильдіктерге ХАМАС тұтқынындағы әскери тұтқындарды босатамын, ХАМАС-ты жоямын деп уәде бергенімен, ол уәде іс жүзінде орындалмады. Палестинадағы жағдай адам шошырлық, бірақ олар өз егемендігін алуға күн сайын бір қадам жақындап келеді. Ал әлемдік қауымдастық Израильге соғысты тоқтат деген талап қоя бастады. Әлемдік державалардың талабы қандай сипатта – мұны Ulysmedia.kz анықтады.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Халықаралық соттың шешімі және қамауға алу ордері

Бәрі Оңтүстік Африка Республикасының сотқа талап-арыз беруінен басталды. Оңтүстік Африка былтыр желтоқсан айының соңында БҰҰ-ның халықаралық сотына Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін Палестина халқына жасалған геноцид деп тану туралы талап-арыз берген. Осы жылдың 24 мамырында сот Израильдің Рафахтағы әскери шабуылын және басқа да әрекеттерін дереу тоқтатуы керек деп шешті, Өйткені қазіргі жағдай жалғаса берсе, газалықтардың құқықтары тапталған үстіне тапталып, олардың жойылып кету қаупі бар. Сот Израильді бір ай ішінде үкімде көрсетілген шаралардың орындалу барысы туралы есеп беруді міндеттеді.

Израиль үкіметі «Израильдің Газа секторындағы өз азаматтарын қорғауына және ХАМАС-ты қудалауына ештеңе кедергі бола алмайды» деп жауап берді.

Кейінірек ОАР-ның талап-арызына Палестина мен Чили де қосылатынын мәлімдеді.

БҰҰ соты мемлекеттер арасындағы дауларды қарайды және міндетті түрде орындалуы тиіс шешімдер қабылдайды. Алайда міндетті түрде дегені сәл томпақтау, өйткені халықаралық соттың шешімі міндетті түрде орындалуы керек болғанымен, әр ел өзінше әрекет етеді. Былайша айтқанда, халықаралық соттың мәжбүрлеу тетігі жоқ. Дегенмен мұндай шешімдер елдің имиджіне теріс әсер етеді.

Қылмыстық істер бойынша халықаралық соттың (МУС) прокуроры Кәрім Ханның Беньямин Нетаньяху мен еврей мемлекетінің қорғаныс министрі Йоав Галантты тұтқындауға ордер беру туралы ресми өтініші сот шешіміне қарағанда ауырлау тигені рас. Дәл сол өтініште прокурор ХАМАС-тың тағы үш жетекшісін: топтың саяси қанатының басшысы Исмаил Ханияны, оның Газадағы жетекшісі Яхья Санварды және ұйымның әскери бөлімшелерінің қолбасшысы Мұхаммед Диаб әл-Масриді атаған. Израильдік БАҚ-тың жазғандарына қарағанда, Тель-Авивтің наразылығын тудырып отырған – израильдіктердің палестиналық тұлғалармен (ХАМАС) бір тізімде тұруы.

«Тель-Авивті өртеп жіберу керек»: бүкіл әлемде Израильге қарсы наразылық шаралары өтіп жатыр

Газа секторындағы әскери операцияның бірінші күнінен бастап Израильге қарсы шерулер бір сәтке де тоқтаған емес. Бірақ соңғы уақытта Тель-Авивке соғыс қимылдарын тоқтату үшін қысым бірнеше есе артты.

Газадағы соғысқа қарсы ең қуатты наразылық студенттер шерулері болды. Олар сәуір айында Америка Құрама Штаттарында «Лига плющев» (Шырмауықтар лигасы – АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы сегіз штаттың аумағындағы 7 жекеменшік университеттен құралған лига. - Ред.) университеттерінде басталды. Наразылық шарасының эпицентрі Нью-Йорктегі Колумбия университеті болды, мұнда 1968 жылы да үлкен наразылық шарасы өткен. Кейбір жоғары оқу орындарында наразылық салдарынан түлектерді шығарып салу шаралары тоқтатылып, полициямен қақтығыстар орын алды. Тіпті ғимаратты басып алу жағдайы да орын алды.

Ескерту: 1968 жылы әлемнің әртүрлі елдерінде жастардың түрлі наразылық акциялары өтті. Олар АҚШ-тың Вьетнам соғысына қатысуына қарсы бағытталған (ең алдымен, АҚШ-тың қатысуына), наразылық білдірушілер, сонымен қатар адам құқықтары үшін, нәсілшілдікке қарсы тұру, феминизм мен қоршаған ортаны қорғауды да қолдап шыққан.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ-тағы наразылық акциялары 130 университетте өткен: 61 кампуста 2900 адам қамауға алынған. Кем дегенде жеті университет басшылығы

Израильмен ынтымақтастықты шектеу арқылы наразылық білдірушілердің талабын ішінара орындауға келіскен.

Студенттердің наразылығы бірте-бірте Аустралия, Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Канада және Ливан университеттерінде жалғасты.

«Бүкіл әлем бізге қарсы»: Израильдің өзінде де наразылықтар бәсеңсімей тұр

Израильдіктер ХАМАС тарапынан кепілге алынғандар босатылғанша күн сайын кешкісін парламент ғимаратына келуді көздеп отыр. Олар мәселенің шешімін басқаша көреді: біреулер оларды босату үшін шұғыл әскери операцияны талап етсе, енді бірі бейбіт келісімді талап етеді. Бірақ барлығы Нетаньяхудан оның қазір істеп жатқан ісінен өзгеше нақты әрекеттерді талап етуде. Яғни, 9 ай бойы Газа секторын бомбалаудан еш нәтиже шықпағанын Нетаньяхудың бетіне басып отыр. Сонымен бірге әскери операция ол уәде еткен нәрсеге, яғни кепілге алынғандарды қайтаруға және ХАМАС-ты жоюға қол жеткізе алмағанына наразы.

Израильдіктердің наразылығының тағы бір себебі - соғыстың созылып кетуі және үнемі мобилизацияның жүргізілуі. Елдің Жоғарғы соты әскерге барлығын, оның ішінде діндар азаматтарды да, зайырлы халықты да бірдей шақыру туралы шешім қабылдады. Ортодаксальды партиялар үкіметтің әскерге шақыру тәртібі жаппай жүргізіліп жатқанына, яғни дін жолында жүрген жандардың құқығын бұзғанына наразы.

Қалай болғанда да, бұл соғыс Израильдің қазіргі үкіметінің отставкаға кетуімен аяқталатын секілді.

«Біз израильдіктер мен палестиналықтарға бейбітшілікке жетуге көмектесуіміз керек»: Палестинаны мойындау шарасы

2011 жылы Палестина БҰҰ-ның толыққанды мүшелігіне өтініш берді. Әлемдік ұйымның Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың вето қою қаупінен қорқып, Палестинаға толық мүшелікке рұқсат бермей тастады. Келесі жылы БҰҰ АҚШ-тың қарсылығына қарамастан, палестиналықтарға ұйымға бақылаушы мәртебесін берді.

Газа соғысы басталғаннан кейін Палестина БҰҰ-дан өз өтінішін қайта қарауды сұрады. 2024 жылдың 18 сәуірінде Америка Құрама Штаттары Бас Ассамблеяға Палестинаны әлемдік ұйымға толыққанды мүше ретінде қабылдауды ұсынатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарар жобасына вето қойды.

Бірақ мұның бәрі Израильді жақтаушыларға кесірін тигізгенге ұқсайды. Өйткені осыдан кейін Палестинаны мойындау, яғни егемендігін тану шаралары басталып кетті.

28 мамырда Норвегия, Испания және Ирландия Палестина мемлекетін мойындады. Кейінірек оларға Словения қосылды. Politico-ның пікірінше, келесі кезекте Бельгия мен Мальта да осындай шешуші қадамға баруы мүмкін.

Соңғы айлардағы оқиғалар халықаралық қауымдастық алдында «Израиль» мен «Нетаньяху» ұғымдарын бір-бірінен ажыратуға сәтсіз талпыныс жасап жатқан АҚШ-тың да бұл процесті тоқтата алмайтынын көрсетті.

Қазіргі уақытта БҰҰ-ға мүше 193 елдің 146-сы Палестинаны 1967 жылғы шекараға сәйкес мемлекет ретінде таниды, соған сәйкес Шығыс Иерусалим осы елдің аумағына кіреді.

БҰҰ-ның толыққанды мүшесі мәртебесін алмаса, жекелеген мемлекеттердің мойындауы Палестина үшін тиімді шара деп айтуға болмайды. Бірақ бұл оны егемендік алуға бір қадам жақындатады және Израильдің Газадағы әскери операциясына кез келген қарсылық халықаралық қауымдастық алдында Палестинаның іс-әрекеті, яғни өз территориясын қорғауы заңды дегенді көрсетеді.

28 мамырда Палестина тәуелсіздігін Еуропаның үш бірдей елі мойындаған күні Израиль танктері Рафах қаласының орталығына басып кірді. Бұған қоса, ЦАХАЛ ұшақтары Рафахтағы босқындар лагерін бомбалады, бұдан

кем дегенде 50 бейбіт тұрғын шейіт болды. Ал олардың арасында балалар да болған еді. Нетаньяху мұны «дұрыс есептелмеген техникалық қателік» деп атады.

Байденнің «бейбітшілік жоспары»

Осы оқиғалардың фонында АҚШ президенті Джо Байден Газа үшін үш кезеңнен тұратын жаңа бейбітшілік жоспарын жариялады.  Израиль де, Хамас та соғысты тоқтату туралы келісімге шартты түрде келісті, бірақ олардың да өз шарттары бар.

Бірінші кезең: алты аптаға атысты тоқтату. Израиль әскері Газадағы елдімекендерден шығады. Хамас жүздеген палестиналық тұтқынға айырбас ретінде әйелдер, қарттар мен жаралыларды қоса алғанда, барлық тұтқынды босатады. Хамас сонымен бірге кейбір кепілге алынған қаза тапқандардың сүйегін жақындарына қайтаруы тиіс. Палестиналық бейбіт тұрғындары Газадағы үйлеріне  оралады.

Гуманитарлық көмекке жол ашылады: Газа секторына күніне кемінде 600 гуманитарлық жүк көлігі келеді. Жаһандық қауымдастық сонымен қатар жүздеген мың уақытша тұратын палаткалар жібереді.

Израиль мен Хамас арасындағы уақытша бітімге АҚШ пен Катар кепіл болады. Және ол алты апта бойы жалғасады. Егер бірінші кезең жоспарлағандай сәтті өтсе, екінші кезеңге өтуге болады.

Екінші кезең: қалған барлық кепілге алынғандарды, соның ішінде әскери қызметкерлерді босату. Израиль әскерлерінің Газа секторынан толық шығарылуы. Атысты мүлде тоқтату. Бұл соғыс қимылдарын біржола тоқтату дегенді білдіреді.

Үшінші кезең: қайтыс болған кепілге алынғандардың мүрдесін қайтару.

Естеріңізге сала кетейік, 19 мамырдағы ресми мәліметтер бойынша ХАМАС тұтқынында 128 адам бар, оның 39-ы көз жұмған.

Бейбітшілікке қол жеткізу Джо Байденнің өзі үшін де маңызды. Оның Израильді қолдауы сайлаушылардың бір бөлігінің оның Демократиялық партиясына наразылығын тудырды.

АҚШ-тағы сайлауға бес айдан астам уақыт қалғанда Байден Таяу Шығыстағы жанжалды тезірек шешу үшін барын салады.

«Біз соғысты тоқтатпаймыз» немесе Израиль неге соғыстың аяқталуына мүдделі емес?

– Бірақ біз соғысты тоқтата алмаймыз. Ирандықтар және біздің барлық жауларымыз бізді бақылап отыр, олар біздің берілу-берілмегенімізді көргісі келеді, - деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

Нетаньяхудың саяси қызметте қалу-қалмауы ХАМАСтың тамырына балта шабуды көздейтін елдегі оңшыл коалицияға байланысты.

Нетаньяху үкіметіндегі басқарушы коалицияның тірегі саналатын әсіре оңшыл министрлер Газадағы әскери операция ХАМАС-ты толығымен жойған кезде мүмкін дегенді алға тартады. Бұл мақсатқа жету жолында, олар тіпті, кепілге алынғандардың тағдыры да маңызды емес деп санайды. Күн сайын қынадай қырылып жатқан палестиналықтарды бұл жерде адам құрлы көріп отырған жоқ. Дегенмен соғыстың басталғанына 8 айдан астам уақыт өтті және олардың көксегені орындалмай келеді.

Байтас Құрманов