«Бәйтерек» холдингіне қарасты Қазақстанның Инвестициялық қорын (ҚИҚ) жекешелендіру жөніндегі келісімнің шарттары қоғамда біршама сұрақ туындатып жатыр. Сарапшылар мен аналитиктер инвестқордың сатылып жатқан құнына үлкен күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, қордың құны нарықтағы бағадан екі есе аз көрсетілген. Мұны көктемде ғана жарияланған есептілік пен бірқатар құжаттар айғақтайды. Инвестқорды сату – шын мәміле ме, әлде миллиардтар айналған алаяқтық па? Ulysmedia.kz талдау қызметі осы сұраққа жауап іздеп көрді.
136 МЫҢ ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТӨЛЕГЕН КОМПАНИЯ 10,36 МЛРД ТҰРАТЫН ҚОРҒА ҚАЛАЙ АУЫЗ САЛДЫ
ҚИҚ 10,6 млрд теңгеге, яғни нарықтағы бағадан шамамен 10 млрд теңгеге аз бағаға сатылды. Әлеуметтік желілердің қолданушылары мен БАҚ құралдары бұл келісімшарттың «күмәнді» екенін ашық айтып, «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясының сатып алушысы кім екенін білуге асықты.
Ашық деректерде сатып алушы «D-Personnel» ЖШС – жеті жыл бұрын тіркелген фирма екені жазылған. Оның басшысы – әлдебір Елмұрат Мәжитұлы Ахметов екені көрсетілген.
Осыдан екі апта бұрын БАҚ-та түркістандық көпке бейтаныс ЖШС-гың салықтары туралы ақпарат жарияланған. «Шағын» әрі табысы аз ғана компания қосымша құн салығын (ҚҚС) ешқашан төлемепті. Ал салық жағынан ең көп төлеген сомасы – 2017 жыл бойы салған 5,2 млн теңге екен. БАҚ-та жарияланғандай, биыл фирма жалпы сомасы 136 мың теңге ғана салық төлепті. Енді осындай компания келіп, құны 10,6 млрд долларлық инвестқордың өзін сатып алғалы жатыр.
ЖШС-ның ортаңқол компания екені Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында да расталған.
Салық органдары 2017 жылы компанияның бір дегенде ең көп салған салысы 4 млн теңге екенін хабарлайды.
Алайда осы мақала жарияланбас бұрын басқа сайттың ашық дерегінде бұған қатысты бұрын жарияланған мәліметтерден бөлек сандар келтіріледі.
Мәселен, «ортаңқол» ЖШС-ның төлеген салығы өсіп шыға келеді де, жеті жылдың ішінде 51 млн теңгені құрайды.
Жыл сайын таратылатын мәліметтер де әрқилы. Мәселен, компания төлеген салық 2017 жылы 11,8 млн теңгеге дейін барғаны да жазылады.
«БӘЙТЕРЕК» ХОЛДИНГІ ТУРАЛЫ
Холдингтің ресми сайтында «Бәйтерек» ұлттық басқарушылық холдингі – 2013 жылдың 22 мамырында президенттің Жарлығымен құрылған, Қазақстан үкіметінің қаржылық институты екені жазылған.
«Холдинг әртараптандыру, инновацияларын қолдау, экспортын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру жолымен Қазақстан экономикасын тұрақты дамыту бойынша міндеттердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді», - деп жазылған.
Оның басқарма төрағасы – Айдар Арифханов.
Басқарма төрағасының бірінші орынбасары – Қаныш Ізбастин. Басқарма төрағаларының тағы екі орынбасары – Әділ Мұхамеджанов пен Әнуар Омарходжаев.
Енді анықталғанындай, 2021 жылдың 30 шілдесінде мемлекеттік мүліктер реестрінің веб-порталында 17 тамыз күні ҚИҚ акцияларының 100% электронды сатылымға шығатыны хабарланады. 18 тамызда сатылым орындалды деп танылады.
«Бәйтерек» холдингі ҚИҚ-қа қатысты жағдайды түсіндіріп көріпті. Холдингтің хабарлауынша, қорды басқару кезінде ҚИҚ активтері екі есе қысқарып, қарыздардың көлемі миллиардтарға ұласқан, ал шығындар ондаған миллиард теңгеге дейін өсіп кеткен. Холдинг ҚИҚ-ты ұстап отырған кезінде бар-жоғы 552 млн теңге табыс көрген.
«Салыстырмалы талдау көрсетіп отырғандай, 2019-2021 жылдары ҚИҚ активтері шамамен екі есе қысқарып кетті (2018 жылы 61,9 млрд теңгеге, ал 2021 жылы 36,7 млрд теңгеге). Оған қоса міндеттемелер 2,3 млрд теңгелік сомаға ұлғайып, жиналған шығын көлемі 26 млрд теңгеге дейін өсті. Мәселен, 2019 жылы шығын 21 млрд теңгені, ал 2020 жылы 6,8 млрд теңгені құрады. Акционер ретінде холдинг ҚИҚ-ты ұстап отырған уақытта тек 552 млн теңгелік дивидентке қол жеткізді».
БАСҚАРМАНЫҢ 6 МҮШЕСІ 248,5 МЛН ТЕҢГЕ БОНУС АЛҒАН
Ең қызығы, холдинг басшылығы табысты жұмыс үшін миллиондаған бонустарды алып отырғаны белгілі болды. Мәселен, былтыр басқарманың алты мүшесі 248,5 млн теңгелік «алғыс» алыпты.
Яғни холдингтің өзінен хабарланғандай, инвестқорды басқару ісі нәтижесімен мақтана алмайды, ал бонус жағына келген кезде топ-менеджмент «өзін-өзі ренжіте қоймапты». Содан кейін инвестқорды алады да «жеңілдікпен» 48% бағалай салады.
Сарапшылардың айтуынша, жаһандық бизнесте дисконт кездеседі. Мәселен, Гонконгта мүлікті бағалау бойынша келісімшарттардың бірінде америкалық және қытайлық банктердің арасындағы дисконт 80% құрапты. Құрып біткен кәсіпорындар мен олардың құнды қағаздарына қатысты болғанда 90% дейін баратын дисконттар да кездеседі.
ӘЛЕУЕТТІ ИНВЕСТОРЛАР
Ulysmedia.kz аналитикалық қызметіне белгілі болғандай, активтердің бірқатары бойынша қор инвесторлармен мәмілеге келіп үлгерген. Мәселен, соның бірі – Orda Glass шыны зауыты. Осы жылдың көктемінде қытайлық инвесторлар ауызша және жазбаша түрде зауытты сатып алып, оның қарызын толық жабуға келісімін берген. Кеңестік заманда бүкіл одаққа әйгілі болған Семей тері зауыты да бар. Отандық холдингтердің бірінің командасы елдегі бірден-бір тері зауытын қайта жандардырмақ болғаны да бар. Өкінішті-ақ, шет елдерде құнды саналатын малдың терісі ауылда шіріп, шірімегені арзан бағада қытайлық кәсіпкерлерге сатылып жатыр.
Түркістан облысында тігін кешені бар. Өзбек компаниялары оны басқаруға құлшыныс танытып отыр. Жеке кәсіпкерлерге цемент зауытын да сату да сауда сатысында тұрған.
Жеке әңгіме барысында осы нысандарды сатып алуға ниетті кәсіпкерлер өзінің әлеуетті инвестицияларына алаңдаушылық білдіріп, істің беті қай жаққа бұрылатынын білмей әлек.
Енді инвесторлар үшін де, қоғам үшін де аспанның ашық кезінде жарқ еткен найзағайға ұқсап, қаржылық институт бұған дейін ешкім танымаған түркістандық компанияға сатылғалы жатыр. Ал сарапшылар бұл келісімшарттың заңдылығына үлкен күмәнмен қарайды.
ҚОРДЫҢ ШЫН БАҒАСЫ ҚАНША БОЛУ КЕРЕК
Сату кезінде ҚИҚ-тың шотында 9,86 млрд теңге жатқан. Сатып алушыға осы соманы «Бәйтерек» бере ме, жоқ әлде, инвестор «бос сейфті» сатып ала ма – ол жағы белгісіз.
Инвестициялық құнды қағаздар еш жүктемесіз 4,99 млрд теңгені құрайды. Одан бөлек 8,59 млрд теңгелік ұзақ мерзімді дебиторлық қарыз бар.
Кез келген қаржыгер дебиторлық қарыздың аталған соманың 100%, не 50% тең тұратынын растайды. Оның өзінде бұл жағдайда оның көлемі 4,25 млрд теңгені құрайды.
Осылайша, сатылым жағынан активтер құнын – активтер қорын есептемегенде, ең аз дегенде ҚИҚ-тың құны 19,1 млрд теңге болуы керек еді.
Сонымен, ең ірі міндеттеме – шыны зауыты бойынша кепілдік. ҚИҚ немесе «Бәйтерек» қытайлық инвестормен келісімшартты жариялағаннан кейін жойылуы мүмкін.
Қазақстанның Даму Банкінің, «Бәйтерек» холдингінің және тіпті «Самұрық-Қазынаның» басқа да проблемалық активтері бар екенін ескере отырып, әсіресе ковидтік дағдарыстан кейін, инвестициялық қор бойынша мәміле инвесторлар үшін шешуші сигнал болуы мүмкін. Себебі бұл жағдай квазимемлекеттік секторда істердің қаншалықты ашық жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Қазақстанның Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунованың квазимемлекеттік құрылымдарды қатаң сынға алып жүргені бекер емес. Осыдан кейін мемлекет басшысы тағы бір «ҚазАгро» холдингін «Бәйтерек» холдингіне қосуды тапсырған болатын.
Жариялы алаңда заңды сараптама туралы ешқандай ақпарат та, «ҚазАгро»-дағы проблемалар туралы да мәлімдемелер жарияланбаған. Демек, ауыл шаруашылығы холдингінің активтері де проблемалы болмайтынын және «ҚИҚ сияқты» схема бойынша сатылмайтынын ешкім жоққа шығара алмайды.
Бірінші және қазіргі президенттердің елде ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, агрохолдингтер мен ірі жер учаскелері арасында Мүлікті үлкен деңгейде қайта бөлуге дайындық жүргізіліп жатқан болуы мүмкін.