15 қаңтарда Қазақстанның танымал саясаткерлерінің бірі – Заманбек Нұрқаділов көзі тірі болғанда 81 жасқа толар еді. Биыл оның дүние салғанына 20 жыл толады. Оның өлімі кімге тиімді болғанын Ulysmedia.kz анықтауға тырысты.
ҚОЛАЙСЫЗ АДАМ
Қазақстандық саясаткер, Алматы мен Алматы облысының бұрынғы әкімі және Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы болған Заманбек Нұрқаділов 2005 жылдың қарашасында жұмбақ жағдайда қаза тапты. Оның өлімінің себебі ресми түрде өзін-өзі өлтіру деп жарияланды, бірақ көпшілік оның өлімі саяси қызметімен және билікті сынауымен байланысты болуы мүмкін деп санайды.
Нұрқаділов барлық лауазымынан айырылғаннан кейін, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қоса алғанда, жоғары лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп ашық айыптады. Өлерінен бірнеше ай бұрын ол жемқорлыққа қатысты дәлелдері бар екенін мәлімдеген болатын. Осы мәлімдемелері оның билік үшін қолайсыз тұлғаға айналуына сеп болды.
Оның өлімі кімге тиімді болуы мүмкін деген сұраққа елдің ішкі саяси жағдайын жақсы білетін бірнеше сарапшы жауап берді.
CUI PRODEST
Ол кезеңдегі қанды оқиғалар саяси элита ішіндегі бәсекелестер үшін тиімді болуы мүмкін еді — себебі ішкі ықпал үшін күрес шешуші рөл атқарған.
Осы тұрғыда Кеңес дәуірінде Жоғарғы Кеңестің X, XI, XII және XIII шақырылымдарының, сондай-ақ Мәжілістің II және III шақырылымдарының депутаты болған Серік Әбдрахманов пікір білдірді. Оның сөзінше, Заманбек Нұрқаділов Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын белсенді түрде жүзеге асырған серіктесі болған.
— Басқа жағынан қарасақ, біз білетін және оның өлер алдында қалдырған хатында жазылған жайттар бар. Ол халыққа арнап, кезінде Назарбаевтың ықпалымен дұрыс емес істерге қатысқаны үшін кешірім сұрап, хат қалдырды. Алайда ол сол кезеңде елдегі демократияның дамуын тоқтатуға бағытталған Назарбаевтың саясатын белсенді түрде орындаған тұлға еді. Кейін Алматыны басқарған тұсында Назарбаев жүйесі мен оның айналасындағылар миллиардтаған қаржыны қалтасына басты. Жер телімдерін арзанға сату, жылжымайтын мүлікті иемдену сияқты әрекеттер жасалды. Зауыт, фабрика, комбинаттар Назарбаевтың айналасындағылардың мейрамханалары, қонақүйлері мен кеңселеріне айналды. Осы істерде Заманбек те белсенді рөл атқарды, — деді Әбдрахманов.
ЖҮЙЕДЕГІ ҚҰПИЯЛАР
Серік Әбдрахмановтың айтуынша, кейіннен Назарбаев пен Нұрқаділов арасында келіспеушіліктер туындаған.
— Заманбектің саяси амбициялары пайда болған секілді. Ол «Неге мен де Қазақстанды басқара алмаймын?» деп ойлады. Бірақ ол өз мүмкіндіктерін асыра бағалап, Назарбаевтың айлакерлігін бағаламады. Соның салдарынан шеттетілді, — дейді Әбдрахманов.
Оның пікірінше, белгілі бір кезеңде Заманбек Нұрқаділов өзінің қатысы бар және Назарбаев жүйесінің қылмыстық әрекеттері туралы шындықты ашқысы келген.
— Бірақ оның өлімінің немесе өлімге итермелейтін қастандықтың себебі – Назарбаев пен Нұрқаділов арасындағы Қазақстанды демократияландыру немесе мемлекетті дамыту жолдарына байланысты келіспеушілік емес. Бұл – сол кезеңдегі қылмыстық істерге қатысы барлардың арасындағы жанжал. Оның ауқымы әлі толық ашылған жоқ, тек алдағы уақытта ашылуы мүмкін, — деп болжайды Әбдрахманов.
— Нұрқаділовтің өлімі кімге тиімді болғаны туралы айтар болсам, мен сізге марқұм ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Болат Баекеновтің бірде бейресми кездесуде айтқан әңгімесін келтірейін: «Серік, Назарбаев билігінің қолы қанға малынған» деді ол. Сол жүйе әлі күнге дейін Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің өлімінің құпиясын жасырып отыр, — деп еске алады экс-депутат.
КӨП ІСТІҢ КУӘСІ
Бұл іске, сөзсіз, билік құрылымдары араласқан. Саясаткердің өлімі әсер ету мен тұрақсыздықтың қаупін жойды. Бұл пікірмен белгілі саясаттанушы Андрей Чеботарев те келіседі.
— Объективті түрде Заманбек Нұрқаділовтің өлімі сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиімді болды, өйткені дәл сол уақытта оның сайлауалды науқаны жүріп жатқан еді. Президент командасы мен Жармахан Тұяқбаевтың жетекшілігіндегі «Әділетті Қазақстан» қозғалысымен күрес қызу жүріп жатқан, — деп түсіндіреді Чеботарев.
— Заманбек Нұрқаділов бұл қозғалыстың белсенді мүшесі болмағанымен, ресми түрде оның құрамында болған. Бірақ, ең бастысы, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген ісіне куә болған тұлға еді. Оның ішінде КСРО кезіндегі, Дінмұхаммед Қонаев пен Колбин басқарған кезеңдердегі оқиғаларға да куәгер болған, — дейді саясаттанушы.
ТАПСЫРЫС БЕРУШІЛЕР ДЕ, ОРЫНДАУШЫЛАР ДА ЖОҚ
Андрей Чеботаревтің айтуынша, Нұрқаділов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі туралы жағымсыз құпияларды білген болуы мүмкін. Яғни, ол Назарбаевтың айналасында көп нәрседен хабардар болып, қолында компромат болған адам еді.
Сонымен қатар, Нұрқаділов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында белсенді әрекеттерге көшіп, шетелге барып, сол жерде экс-премьер Әкежан Қажыгелдин құрған шетелдік оппозициялық бюро өкілдерімен кездескен болуы мүмкін.
Объективті түрде қарасақ, Нұрқаділовтің өлімі сол кезеңде дәл Назарбаевқа және оның ең жақын айналасына тиімді болды, өйткені Заманбек Нұрқаділовтің әрекеттері Назарбаевтың беделіне нұқсан келтірсе, ол оның маңайындағы барлық адамға да әсер ететін еді. Бірақ мәселе мынада – бұл қылмыстың нақты тапсырыс берушісін білмейміз. Орындаушылар табылмады, ал тапсырыс берушінің кім екені әлі күнге дейін анықталған жоқ, – дейді Андрей Чеботарев.
ӘРТҮРЛІ НҰСҚА БАР
Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Нұрқаділовтің өліміне нақты біреудің қатысы бары дәлелденген жоқ. Бұл іс – Қазақстанның қазіргі тарихындағы ең жұмбақ оқиғалардың бірі болып отыр.
Андрей Чеботаревтің айтуынша, ресми органдар Нұрқаділовтің өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқаны әлі жоққа шығарған емес, бірақ бұл шын мәнінде кісі өлтіру екені, тіпті тергеу ісіне қатысы жоқ адамдарға да түсінікті.
— Мұнда мынадай нұсқаны қарастыруға болады: белгілі бір «жанашырлар» осы қылмыстың ұйымдастырушысы мен тапсырыс берушісі ретінде әрекет еткен. Олар шетелден киллерлерді жалдап, Назарбаевқа: «Сіздің тапсырмаңыз орындалды» деп есеп беру үшін, оны белгілі бір дәрежеде сол адамдарға тәуелді етіп қоюға тырысқан болуы мүмкін. Тіпті, бұл қылмыстың артында Рахат Әлиев тұр деген де пікірлер болды. Алайда 2005 жылы болған оқиғаның объективті тергеуі жүргізілген жоқ, — деп қорытындылайды сарапшы.
Оның айтуынша, бұл қылмысқа экс-президент пен бұрынғы құқық қорғау органдарының басшыларының қатысы бар деген кез келген нұсқаларды қарастыруға болады, бірақ шындықты ешкім толық ашпайды.
САЯСИ ҚАРСЫЛАС
Саяси аналитик Айдар Әміребаев бұл тұрғыда Чеботаревтің пікірімен ішінара келіседі. Оның ойынша, жалпы Қазақстандағы саяси кеңістік негізінен анонимді. Сондықтан осындай қайғылы оқиғалар болған кезде шындыққа жету өте қиын.
— Нұрқаділов – ерекше саяси тұлға болғаны анық. Кез келген саясаткердің басты мақсаты – билікке қол жеткізу және оны өз қолында сақтау. Сондықтан бұл адамның көзін жоюға мүдделі тараптар оны саяси бәсекелес ретінде қарастырған болуы мүмкін. Мен тергеуші емеспін, егжей-тегжейін талдап айту қиын, бірақ бұл Қазақстандағы саяси үдеріс пен кеңістіктің ашық еместігін көрсетеді. Мұнда заңды әрі ашық саяси бәсекелестік туралы айту қиын. Біз мақсатқа жету үшін кез келген әдіс қолдануға болатын жағдайдамыз. Мұны Макиавелли принципі деп атайды, – дейді аналитик.
“КОМПРОМАТ”
Бұл қайғылы жағдай сол кезеңдегі статус-квоны сақтап қалғысы келгендерге де тиімді болған сияқты. Себебі Нұрқаділов өзгерістердің катализаторы бола алатын тұлға еді, ал бұл көпшілікті алаңдатқан нәрсе болды.
Белгілі қоғам қайраткері әрі саясаткер Петр Своик былай деп еске алады:
— Менің есімде, бұл сайлау науқаны басталардан сәл бұрын болған. Сайлау науқаны ресми түрде әлі жарияланбаған еді, бірақ сайлау жақындап қалғаны сезіліп тұрды. Яғни, бұл өлім сол науқан қарсаңында болған. Ол Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі сияқты сайлау кезеңімен байланысты болуы мүмкін. Ал екіншіден, Нұрқаділовтің «өз-өзіне қол жұмсауын» түсіну үшін, оның сол кездегі билікке қарсы қандай «құпия материалдары» болғанын қарау керек. Мұнда екі мәселе бар. Біріншісі – оның өзі жария еткен, ал екіншісі – «тағы дәлелдерім бар» деп уәде еткен компроматтары. Ол бұл материалдарды 90-жылдардың басындағы жекешелендіру кезеңінде, Алматыны басқарып тұрған кезде жинаған.
Алайда Своиктің айтуынша, сол материалдардың өзі бүгінгі күнмен салыстырғанда аса ауқымды деректер болмаған.
— Мысалы, Алматы ет комбинаты немесе басқа да нысандарға қатысты материалдар. Бүгінгі таңда біз білетін деректердің аясында бұл, әрине, түкке тұрмайтын «ұсақ-түйек» ғана, – дейді Петр Своик.
МӘМІЛЕ
Бұл үшінші маңызды болжам. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы қаласын басқарып отырған кездегі мәліметтері. Нұрқаділов, қала әкімі ретінде, әрине, көп нәрсені біліп, көп нәрсеге атсалысып, ұйымдастырушы емес, орындаушы ретінде жүрді. Ол кезде әкімнің басынан талай дүние өтті, деп болжайды Петр Своик.
ПАТРОНАТ
Заманбек Нұрқаділовтің қолында өзі айтқан «айып айғақтары бар чемодандардың» бар-жоғын анықтау қиын. Бірақ ол 1985 жылы Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы (әкімі) болған кезден бастап өте ауқымды құпия мәліметтер қолында болғаны анық. Ал ақиқаты ашыла ма, жоқ па – белгісіз.