×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

«Самұрық-Қазына» миллиондап ақша алатын шетелдік топ-менеджерлерді не үшін ұстап отыр

21.09.2021, 11:06
Коллаж: ulysmedia.kz

Осыдан 6 жыл бұрын Мәжілістің экс-депутаты Мұхтар Тінікеевтің сол тұстағы вице-премьер Бақытжан Сағынтаевқа шүйліккені бар. Тінікеев «Самұрық-Қазына» холдингінің топ менеджерлері мен негізгі еншілес компанияларындағы басшыларының табысы жылына кемінде 200 мың АҚШ долларына дейін баратынын сынаған еді. Содан бері не өзгерді? Бүгін де сол шетелдік топ-менеджерлер қазақстандықтардың қалтасынан шығатын ақшаны қаншалықты ақтап жатыр? Ulysmedia.kz порталы осы тақырыпты қаузап көрді.

БЫЛТЫР 6,2 МЛРД СЫЙАҚЫ АЛДЫ

Тінікеев пен Сағынтаевтың сол тұстағы сөз шарпысуында экс-депутат холдингтің табысы мемлекет бюджетіне емес, басшылардың бонустарына кетіп жатқанын мәлімдеген еді. Оған қарсы дау айтқан Сағынтаев «ақылды адам аз ақшаға ешқашан жұмыс істемейтінін» аргумент қылған. Холдинг басшылығы адамның ақылына ақшаны аямайтыныны рас екен. Мәселен, 2016 жылы қор мен оның еншілес компанияларының басқарушы персоналына төленген жалпы сыйақы мөлшері 7,1 млрд теңгені құрапты. Forbes.kz сол жылы аталған соманың ішінде директорлар кеңесінің шетелдік үш мүшесіне (Барон Оливье Дэкамп, Ричард Эванс пен Александр Мирчев) бір жылдың өзінде 630 млн теңге сыйақы төленгенін хабарлаған.

Ал 2019 жылы қор мен оның еншілес компанияларының басқарушы персоналына төленген жалпы сыйақы мөлшері 8,8 млрд теңгеге дейіп өсіпті.

Ендігі кезекте «Самұрық-Қазынаның» 2020 жылғы қаржылық есебіндегі мына бір сандарға назар аударып көрелік.

«Негізгі басқарушы персоналға төленген жалпы сыйақы сомасы бір жылда 6.247 млн теңгені (яғни 6,2 млрд теңге) құрады» - делінген есепте.

Қаржылық есепте холдингтің бүкіл басқарушы персоналына төленген айлықтың алдыңғы жылдан қарағанда 2,6 млрд теңгеге азайғанын көреміз. Негізгі басқарушы персоналға төленген сыйақы басым жағдайда келісімшарт бойынша бекітілген айлық еңбекақыдан, операциялық нәтижелерге қол жеткізуге негізделген басқа да төлемдерден тұрады. 2020 жылғы есепте елдегі басты холдингтің директорлар кеңесінің мүшелеріне нақты қанша ақша төленгені анық жазылмаған. Әйтсе де «Самұрық-Қазынаның» топ-менеджерлеріне төленген сыйақылардың басым бөлігі шетелдік басқарушыларға берілетіні анық. Себебі мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, директорлар кеңесіне кіретін үкімет мүшелері айлықтан басқа, сыйақы мен өтемақы ала алмайды.

ТӘУЕЛСІЗ ДИРЕКТОРЛАР – ҚАЙДАН КЕЛДІ

«Самұрық-Қазына» холдингінің директорлар кеңесі 8 адамнан тұрады. Олар: Қанат Бозымбаев, Данияр Ақышев, Әсет Ерғалиев, Алмасадам Сатқалиев, Вячеслав Ким, Дудас Джон, Онг Бун Хви және Лука Сутера. Осы аталғандардың алғашқы бесеуі елге танымал адамдар: бірі ұлттық банкті, бірі министрліктерді немесе компанияларды басқарған және басқарып отырған елдегі ірі шенеуніктер. Қалған үшеуі – шет елден тартылған топ-менеджерлер. Осы топ-менеджерлердің алды – директорлар кеңесінің төрағасы. Әйтсе де олардың не тындырып жатқаны туралы ақпаратты БАҚ-та жиі кездестіре бермейсіз.

Ендеше таныстыра отырайық: 61 жастағы директорлар кеңесінің төрағасы Джон Дудас Ұлыбритания азаматы. Оңтүстік Африкада Витватерсранд университетін тау-кен ісі бойынша бакалаврын, кейін тау металлургиясы бойынша магистратурасын бітірген.  Хериот-Уотт университетінде MBA дәрежесін алған. Еңбек жолын 1984 жылы бастап Gencor Ltd. және BHP Billiton секілді ірі компанияларда алюминий дивизионы бойынша басшылық қызметте жұмыс істеген. 2012 жылдан бері Дудас халықаралық тау-кен және кәсіби сервистік компанияларда корпоративті кеңесші, ал 2015-2019 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясындағы директорлар кеңесінің мүшесі болған.

Директорлар кеңесінің тағы бір шетелдік мүшесі – сингапурлық азамат Онг Бун Хви. Өз елінде әлеуметтік ғылымдар бакалаврын аяқтаған соң ол АҚШ-тағы қолбасшылық және бас штаб колледжін бітірген. Әскери ғылымдар магистрі.

Онг Бун Хви өзінің еңбек жолын Сингапур Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінде негізгі қолбасшылық және штабтық қызметтерден бастапты. Алайда 2002 жылдан бастап бірден бизнес саласына бет бұрады. Содан бері Temasek Holdings басқарушы директоры, Temasek Management Services СЕО, Singapore Power операциялық қызмет жөніндегі бас директоры лауазымдарын атқарған. 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін бүкіл Азия бойынша басшылықты ілгерілететін және бизнес-көшбасшылар мен ұйымдарға тұжырымдаманы іске асыруға мүмкіндік беретін Азия-идеялық көшбасшылық орталығының үйлестірушісі болған.

Шетелдік тағы бір тәуелсіз директор – Лука Сутера. 50 жастағы Италия азаматы. Италиядағы Боккони университетін іскерлік әкімшілендіру, бухгалтерия мамандығы бойынша бітірген. Лондондағы экономика және саяси ғылымдар мектебінің түлегі.

Лука Сутера 22 жылдан астам тәжірибесі бар бизнес-менеджер. 15 жыл бойы Еуропа, Ресей және Таяу Шығыстағы жаһандық энергетикалық компаниялар мен тәуелсіз әл-ауқат қорларының қаржы директоры қызметін атқарған. Energy Asset Group-қа келгенге дейін, 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін Сутера мырза мемлекеттік жаһандық энергетикалық компанияның катарында орналасқан Nebras Power тобының қаржы директоры лауазымын атқарған. 2011 жылдан 2015 жылға дейін ол TAQA (Абу-Даби Ұлттық энергетикалық компаниясы) жаһандық энергетикалық және су бизнесінің аға вице-президенті және бас қаржы директоры болды. 2012 жылдан 2018 жылға дейін ол «KEGOC» АҚ тәуелсіз атқарушы емес директоры және аудит жөніндегі комитетінің төрағасы болды. 2012 жылдан бастап 2020 жылға дейін ол «Самұрық-Энерго» ұлттық энергетикалық холдингінің аға тәуелсіз директоры, аудит жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

СӘТСІЗДІККЕ ОЛАР ДА ЖАУАП БЕРЕДІ

 «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясындағы директорлар кеңесінің құрамында шет елдік менеджерлерді ұстаған қаншалықты тиімді? Ел билігі не үшін олардың жұмысына, тәжірибесіне мүдделі болып отыр? Бұл сұрақтарды сарапшыларға жолдап көргенбіз.

Қазақстан тәуелсіз директорлар қауымдастығының атқарушы директоры Ерлан Бейсембинов алдымен холдингтің ресми веб-сайтында директорлар кеңесінің құрамындағы шетелдік менеджерлердің тәуелсіз директор ретінде көрсетілгеніне назар аудару керектігін атап өтті. Тәуелсіз директор деген кім және олар не үшін керек? Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғам» туралы заңы «тәуелсіз директор» терминіне толық түсінік береді.

«Қарапайым тілмен айтқанда, ол – осы компанияның үлестес тұлғасы болып табылмайтын және директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай тұлға болмаған, сондай-ақ осы компанияның үлестес тұлғаларына қатысты үлестес тұлға болып табылмайтын және компанияның лауазымды тұлғаларына бағынышты немесе байланысты емес (және соңғы үш жыл ішінде бағыныстылықпен байланысты емес) маман. Оған қоса мемлекеттік қызметкердің тәуелсіз директор бола алмайтынын да атап өту керек», - дейді ол.

Ерлан Бейсембинов жалпы заңға сәйкес, кез келген акционерлік қоғамдағы директорлар кеңесінің құрамының 30% тәуелсіз директор болуы керектігін айтады. Одан бөлек корпоративті басқарудың халықаралық тәжірибелері де (мәселен, ЭЫДҰ қағидаттары және т.б) жариялы компаниялардың директорлар кеңесінің құрамында тәуелсіз директорлардың болуы керектігіне кеңес береді. Солайша, акционерлердің мажоритар және миноритар топтардың мүддесі ескеріледі.

«Ал директорлар кеңесінің құрамына шетелдік мамандарды тарту тәжірибесі – өзін-өзі ақтайтын үрдіс. Қазақстан директорлар кеңесіне шетелдіктерді тартқан жалғыз мемлекет емес. Бұл ең бірінші кезекте, жетекші әрі үздік халықаралық тәжірибелерді қолдану қажеттілігімен тікелей байланысты. Ашық дереккөздерден шетелдік тәуелсіз директорлардың өмірбаянын оқыған болсаңыз, олардың әрқайсысының бизнес иесі немесе жетекші компаниялардың топ-менеджерлері ретінде тәжірибесуі ұшан-теңіз екенін көресіз», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, белгілі бір компанияның акциялары мен құнды қағаздары халықаралық қаржы алаңдарында листингте болса, шетелдік тәуелсіз директорларының болуы – қажет болатынын да ескеру керек. Бұл – ашық корпоративті басқаруға деген сенімді, қаржылық есептің шынайылығы мен дұрыстығын арттырып, компанияның транспаренттегін өсіреді.

«Тәуелсіз директорлар туралы сөз қозғай келе (оның ішінде шетелдіктер туралы да) олар директорлар кеңесі мен басқарма мүшелерінің бәрімен бірдей компания мен акционерлер алдында шешім қабылдау нәижесінде компания бастан кешетін ауыртпалықтарға да, әрекет немесе әрекетсіздік үшін де жауап беретінін ескеру керек», - деп түйді ол пікірін.

ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ БАС ИІП ҮЙРЕНІП ҚАЛҒАНБЫЗ

Депутат Ирина Смирнова болса отандық мамандарды шет елдерден әкелінетін мамандардан біліктілігі еш кем санамайтынын мәлім етті. Айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экспаттардың елге келіп, жұмыс істеуін ақтауға болатын. Ал қазір бұл тәжірибеден біржолата бас тарту керек.

«Олардың бәрі бірдей білікті немесе өз отанында жетістікке жеткен маман деп айта алмаймыз. Керісінше, өз елінде аса қажет болмай қалғандары осы жаққа келіп ақша тауып жүр. Өз басым ұжымында бірде-бір шетелдік жоқ қаншама табысты кәсіпорын мен компанияны көрдім. Отардағы биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын алып қараңыз. Бұл – вакцина шығарған институт. Уақыт өте келе осы біз шығарған отандық вакцина әлемдегі ең мықтысы болып шықса да таңғалмаймын. Ғалымдарымыз осынау аз ғана уақыт пен қаражаттың есебінен керемет екпе ойлап тапты. Оның ойлап табылуына бірде-бір шетелден маман тартылған емес. Бәрі де біздің азаматтар», - дейді ол.

Депутат көктемде ғана Обухов тау-кен комбинатында болыпты. Өзін қатты таңғалдырғаны – ол жерде тек қазақстандық инженерлер жұмыс істейді екен. Олар тек Қазақстанның білім алып, сол жердің өндірісін бұрқ-сарқ қайнатып жатыр. Осылайша, шетелдіктер жүргізе алмаған кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызған. Кәсіпорын ендігі кезекте өнімін шикізат емес, жартылай фабрикат түрінде шығарып жатыр.

«Менің ойымша, «Самұрық-Қазына» компаниясы сол менеджерлерді ұстап отырғаннан ешқандай қосымша дивидент алып отырған жоқ. Бізде «шетелдік» деген атаулының бәріне бас иіп үйреніп қалған. Оны қою керек. Керек десеңіз, өзіміздің қазақстандықтар Чехияның да, Францияның да, АҚШ-тың да үкіметтерінде еңбек етіп жүр емес пе?! Өкінішті-ақ, олар сол жақта ғана бағаланады. Ал біздің басшылар экспаттарға жүгініп жүр», - деп түйді депутат.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» ӨЗІН ТАРАТУ КЕРЕК

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан таяуда ғана өткен Мәжіліс отырысында «Самұрық-Қазына» холдингі 900 млрд теңге табысының 110 млрд теңгесін ғана бюджетке беретінін қатаң сынаған болатын. Оның да пікірін сұрап көрдік. Алайда директор кеңесі туралы сұрағымыздың өзі Мұхтар Тайжанның айтуынша, бергі ғана мәселе.

«Шынын айтқанда, сұрақты басқаша қою керек. Негізі «Самұрық-Қазына» деген холдинг мүлде болмауы тиіс. Табиғи монополияларды алып қарайық. Мәселен, Қазақстан темір жолы компаниясы тікелей өзі тиесілі Инвестициялар және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне қарауы тиіс. Тікелей! Сол секілді ҚазМұнайГаз немесе ҚазТрансгаз, ҚазТрансОйл – тікелей Энергетика министрлігіне қарауы керек. Ешқандай холдинг қажет емес. Біз тоқсаныншы жылдары осылай өмір сүрдік. Ал қазір ұлттық компанияларды біріктіретін холдинг пайда болды да, үкімет оларға тікелей ештеңе айта алмай отыр. Міндетті түрде мәселені холдинг арқылы шешуге тура келеді», - дейді Мұхтар Тайжан.

Аян Өрібай, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары